Ол алғаш рет ересектер арасындағы ел біріншілігінде бақ сынауда
Қарағандыда бокстан Қазақстан чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күні болашағынан үміт күттіретін бірнеше боксшы рингке шығып үлгерді.
Жастар арасында әлем чемпоны Төрехан Сабырхан алғашқы айналымда ақмолалық Айбек Төлегеновты жеңді. Төрехан 67 келіге дейінгі салмақта бақ сынап жатыр. Ол Қазақстан чемпионатына Түркістан облысының атынан келген.
Осы салмақтағы 18 жастағы тағы бір мықты боксшы – Илья Калинин (Жамбыл облысы) бірінші жекпе-жегінде түркістандық Әбдіғалым Әбдікәрімді үйіне қайтарды.
Ал 60 келідегі фавориттердің бірі Талғат Сырымбетов ақтөбелік Нұрболат Бекбауовтың осал тұсын тапты.
Сондай-ақ 71 келідегі қарағандылық Сабыржан Аққалықов алғашқы айналымда маңғыстаулық Ағажан Қадырдан басым түсті.
Айта кетейік, жақында ғана аяқталған Азия чемпионатында жүлде алған боксшылар бұл сыннан тыс қалды. Ал, жарыстың басты қонағы ретінде белгілі кәсіпқой боксшы, Сеул олимпиадасының күміс жүлдегері Рой Джонс келді.