IBA Азия чемпионатындағы өзбек боксшыларының күмәнді жеңісіне қатысты тексеру бастады

Редактор
23.12.2024, 17:07

Санжар Тәшкенбай мен өзбек Шодияржон Меликузиев арасындағы жекпе-жекті де қайта қарайды

Спортты дамыту дирекциясы

Жақында ғана Таиландта аяқталған Азия чемпионатының айналасында дау өршіп тұр.

Inside the Games басылымының мәліметінше, ресейлік Умар Кремлев басқаратын Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) бокстан 2024 жылғы Азия чемпионатындағы төрешілікке қатысты шағымдар бойынша ресми тергеуді бастады.

28 қараша мен 11 желтоқсан аралығында Таиландтың Чингмай қаласында өткен сары құрлық біріншілігінде төрешілікке қатысты шағым көп болды. Тиісінше бұл жайт көпшіліктің көкейінде жарыстардың әділ өткеніне күдік ұялатады. Негізгі айыптаулар өзбек боксшыларының жеңісіне қатысты. Енді IBA мән-жайды жіті зерттеп, алдағы уақытта қорытындысын айтатынын алға тартқан.

Ең алдымен Абылайхан Жүсіпов пен өзбек Хавасбек Асадуллаев арасындағы жекпе-жек қызу талқыға түскені белгілі. Өзбек боксшысы отандасымыздың иығынан қыршып тістеп алған еді. Ол сәтте төрешілер елемеген болатын. Кейіннен Қазақстан бокс федерациясының шағымынан кейін техникалық делегат Сэйди Даффи істі қайта қарап, Асадуллаевты ережені бұзғаны үшін жарыстан шеттетіп, алтын медаль отандасымызға берілді.

Содан кейін жергілікті тай боксшысы Сомчай Вонгсуан мен өзбек Адхомджан Мухиддиновтің жекпе-жегі де күмән тудырады. Мұнда да өзбек боксшысы күмәнді жеңіске жеткен.

Сондай-ақ Санжар Тәшкенбай мен өзбек Шодияржон Меликузиев арасындағы жекпе-жекті де қайта қарайды. Қазақстан бокс федерациясы соңғы раундта Тәшкенбайға қарсы төрешінің негізсіз есеп жүргізуі жекпе-жектің нәтижесіне әсер етіп, жеңісті Меликузиевке бергенін мәлімдеді.

Естеріңізде болса, бұл чемпионатта Өзбекстан құрамасының боксшылары көш бастаса (8-2-1), еліміздің ерлер құрамасы 4 алтын, 5 күміс және 1 қола мадельмен екінші орынға тұрақтады. Ал үздік үштікті Тәжікстан қорытындылады – 1-1-3.