«Бүйрегіндегі тасы қозғалған»: Санатәлі Төлтаевтың финалда не үшін жұдырықтаспағаны айтылды

Редактор
24.12.2024, 14:56

Одан бөлек тағы екі салмақта финалдық жекпе-жектер өтпей қалды

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Қарағандыда өтіп жатқан ел чемпионатында финалдан бас тартқан Санатәлі Төлтаевтың неліктен мұндай шешімге барғаны белгілі болды.

Бұл туралы Маңғыстау облыстық олимпиадалық резерв орталығының директоры Ердос Жаңабергенов пікір білдірді. Оның айтуынша, 67 келіде Қазақстан чемпионатының финалына шыққан Санатәлінің денсаулығы сыр берген екен. 

«Жалпы, Санатәлі Төлтаевта қорқыныш деген жоқ. Кеше алдағы жекпе-жекке дайындалып, тынығып жатыр едік. Таңғы 5-те денсаулығы сыр беріп, жедел жәрдем емханаға алып кетті. Х.Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығыда қарап, бүйрегіндегі тасы қозғалғаны белгілі болды. 4-5 сағат жүріп, қонақүйге келдік. Енді тағы барып тағы қаралатын болады», - деді Ердос Жаңабергенов.

Маңғыстау облысының атынан сынға түсетін Санатәлі Төлтаев 67 келіде жартылай финалда Жамбыл облысының өкілі Илья Калининмен кездесіп, төрешілер шешімімен басым түскен еді. Алайда, ол финалда Түркістан облысы Төрехан Сабырханға қарсы айқастан бас тартты.

Бұдан бөлек, +92 келіде ағайынды Нұрлан мен Данияр Сапарбай арасында финалдық кездесу өтпейтін болып, Нұрлан Сапарбаев алдын ала чемпион атанды. 

Сондай-ақ, 48 келіде Назым Қызайбайдың қарсыласы финалдық кездесуге шығудан бас тартуына байланысты Париж олимпиадасының қола жүлдегері кезекті рет Қазақстан чемпионы атанды.