Ол енді Алматыдағы кешке қатыспайды
Аса ауыр салмақтағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычко 27 желтоқсан күні өтетін Алматыдағы кешке қатыспайды.
Дычко жарақат алып қалған, сондықтан ресейлік Виталий Кудуховқа (7-2, 3 КО) қарсы жекпе-жекке шыға алмайды. Осыған байланысты All Stars мәлімдеме жасады.
«Өкінішке қарай, спарринг кезінде Иван Дычко иығынан жарақат алды. Медициналық тексерістен кейін кәсіби бокс комиссиясы спортшыны алдағы жекпе-жекке жібермеу туралы шешім қабылдады.
Біз Иванға тезірек сауығып кетуін тілейміз және барлық жанкүйерлерге түсіністік танытқаны үшін алғысымызды білдіреміз, – делінген промоушеннің мәліметінде.
Әзірге бұл айқас қай уақытқа ауыстырылғаны белгісіз.
Қазақстандық боксшы бұған дейін шаршы алаңға тамызда шығып, Плант-Ситиде (Флорида штаты, АҚШ) өткен айқаста американдық Крейг Льюисті (15-8-1, 8 КО) екінші раундта нокаутқа жіберді.