Әуесқой боксқа оралу. Ел ішіндегі бәсеке. Қатыгез жанкүйерлер – Бекзат Нұрдәулетовпен сұхбат

07.01.2025, 08:53

Ол әуесқой мен кәсіпқой боксты қатар алып жүруді көздейді

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Ұлттық құрама сапында өнер көрсететін Бекзат Нұрдәулетов бір ай бұрын Таиландта өткен Азия чемпионатында топ жарған еді. Белгілі спортшы бұл сында 86 келіде бақ сынап, ұзақ уақыт үзілістен кейін өзінің айтулы жүлдесіне қол жеткізді. 

Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін боксшы кәсіпқой боксқа ауысқан болатын. Дегенмен, 2023 жылдың соңында әуесқойға оралып, ел Спартакиадасына қатысты және финалда финалында өзінің басты қарсыласы – Нұрбек Оралбайға есе жіберді. 

Осылайша Париж Олимпиадасына қатысу мүмкіндігін мүлт жіберген боксшы қазір ұлттық құрама сапында жаттығып жүр. Биыл болатын ірі жарыстарға дайындығын бастап та кеткен. 1bol.kz тілшісімен сұхбаттасқан Бекзат әуесқой боксқа оралу себебін және биылға көздеген мақсаты туралы баяндап берді. 

- Бекзат, жақында Азия чемпионатында жаңа салмақта өнер көрсетіп, топ жардың. Осфы 86 келіде біржола қаласың ба, әлде басқа жопарың бар ма?

- Жаңа салмаққа ауысуымның басты себебі – салмақ қуу спортшы үшін оңай емес. Бұған дейін 90 келіден 80-ге дейін салмақ қуатынмын. Бұл барлығына белгілі жайт. 80 келіге салмақ түсіргенде менің жылдамдығымның баяулағаны байқалып, солай сезіліп жүрді. Осы жайттарды бапкеріме айтып, ақылдасып, кеңестік. Осылайша 86 келіде өнер көрсету туралы шешімге тоқталдық. Қазір жаңа салмақта өзімді жақсы сезініп, ешқандай қиындық туындап жатқан жоқ. Алда біраз өзгерістер енгізсек, толықтай 86 келіге бейімделуге болады.

- Алдағы уақытта 80 келіге төмендеу әлде 92 келіге ауысу секілді нақты жоспар бар ма?

- Қазіргі таңда салмақ бойынша біраз өзгеріс бар. 2028 жылы өтетін Олимпиадаға дейін әлі 4 жылға жуық уақыт бар. Әр жарыс сайын бокста салмақ дәрежелерінде өзгеріс көп. Кезінде Олимпиадада 10 салмақ болса, кейін оны 7 салмақ дәрежесіне дейін азайтты. Бір кездері ер боксшыларда шлем болса, кейін оны алып тастады. Париж Олимпиадасынан кейін қандай өзгеріс болары әзірге белгісіз. 

Наурыз айында салмақ дәрежесі бойынша шешімдер анықталады деп күтіліп отыр. Сол сұрақтың жауабын сол кезде білетін боламыз. Соған орай біз де салмақ дәрежемізді нақтыламақпыз. Менің басты мақсатым – Олимпиадада топ жару. Қазіргі уақытта әлем және Азия чемпионатының жүлдесі қоржынымызда бар. Алда Олимпиада мен Азия ойындарының жүлдесіне қол жеткізуді көздейміз.

 - Шымкентте өткен Қ.Әбдәлиевті еске алуға халықаралық турнирге сені Берік Әбдірахманов баптаған еді. Кейін Азия чемпионатында да маңғыстаулық бокс маманы жаттықтырды. Жалпы, Берік Әбдірахмановтың қол астында жаттығу туралы айтып өтсең...

- Берік Әбдірахманов соңғы екі турнирге мені тыңғылықты әзірледі. Негізі менің жеке бапкерім еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Марат Жақиев екенін білесіздер. Сол кісінің қол астында жаттығамын. Марат ағай қазақстандық кәсіпқой боксшысы Мейірім Нұрсұлтанов бастаған бірнеше спортшымен Дубайда жаттығуда болуына байланысты мені Берік ағайымызға табыстап, сенім артты. Берік Әбдірахмановпен Шымкенттегі турнирде өнер көрсеттік. Содан кейін Марат ағамыз Берікке зор сенім артып, Азия чемпионатына дайындалуға рұқсатын берді.

- Азия чемпионатындағы қос жекпе-жектен соң бірден жеңімпаз атандың. Таиландтағы біріншілікте толық ашыла алдың ба?

- Құрлық біріншілігінде барынша ашылдым деп айта алмаймын. Жалпы, додаға жақсы әзірлікпен бардық. Жекпе-жектен келесі айқасқа өткен сайын ашыла түсеміз. Бірінші жекпе-жекке қарағанда екіншісі бір бас жоғары болды. Одан кейінгі тағы бір айқас болатын болса, тіпті жоғары деңгейде болар ма еді деген ойда қалдым. 

Бұл сында барлық мүмкіндігімді көрсеттім айтпаймын. Соңғы раундтарда мінез керек болған сәттер болғаны рас. Үшінші раундтарда сол мінезге салып, жеңіске жеттім деп ойлаймын. Жалпы, тағы да бірнеше айқас болғанда одан сайын ашыла түсер едім… Жарыс қарсаңында 4 жекпе-жекке дайындалып бардым. 

Азия чемпионатын ұтқан кезде ерекше қуандым. Әнұранымыз шырқалып, барша көрермен тік тұрған сәттегі сезімді айтып жеткізе алмаймын. Қуаныштан да биік сезім болды. Бұл мен үшін ерекше әсер қалдырды. Себебі, мен мұндай сәтті өте қатты сағынған едім. Соңғы рет 2020 Азия аймағы мен Тынық мұхиты елдері арасында Олимпиада жолдамасын сарапқа салған турнирде топ жарып, әнұран шырқалған болатын. Содан бері көзді ашып жұмғанша төрт жыл өте шығыпты.

- Осы айда ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындары өтеді. Алда қандай халықаралық жарыстарда өнер көрсетуің мүмкін?

- Қаңтар айында Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиындары басталады. Одан әрмен Испанияда біріккен оқу-жаттығу жиыны өтіп, сол елде өтетін турнирге қатысамыз. Биыл өтетін ең үлкен жарыстардың бірі – Ливерпульдегі әлем чемпионаты. Бұл біріншілікті бокстың жаңадан құрылған ұйымы өткізеді. Одан бөлек, ІВА да мамыр айында әлем чемпионатын өткізуді көздеп отыр.

- Токио Олимпиадасынан кейінгі сәтсіздіктен кейін біраз уақыт кәсіпқой бокста өнер көрсеттің. Алда бұл бағыттағы жұмысың жалғаса ма?

- Еліміздің бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп кәсіпқой мен әуесқой боксты қатар алып жүреміз деген болатын. Қазір көршілес өзбек ағайындар осылай істеп жүр. Бұның пайдасы болмаса, зияны тимейді деп ойлаймын. Егер рұқсат беріп жатса, кәсіпқой бокс шаршы алаңында жекпе-жек өткізуге дайынбыз. 

Бапкерім Марат Жақиев «ADAL PROMOTIONS» компаниясы алда жекпе-жектер ұйымдастырып беруге дайын екенін айтты. 2025 жылы 3-4 жекпе өткізуге дайынмын. Бұл кездесулер елімізден бөлек өзге елдердің бірінде өтуі мүмкін.

- Осыған дейінгі сұхбаттарыңда кітап оқуға әуес екенін айтқаныңды білеміз. Сені бұл бағытқа қарағандылық Абылайхан Жүсіпов дағдыландырған көрінеді… Әлі оқисың ба?

- Абылайхан Жүсіпов екеуіміз өте жақсы қарым-қатынастамыз. Ең алғаш рет әріптесім кітап сыйлап, оқуға деген сүйіспеншілігімді оятты. Кітап оқудан көптеген жақсы әсерге бөленуге болады. Соның ішінде Бауыржан Момышұлы туралы кеңінен айтылатын Александр Бектің «Волоколамское шоссе» кітабын оқыдым. Орыс мектебін оқыған соң, сол тілде оқу мен үшін оңайырақ. Қазақ тілінде де көптеген кітаптарды оқығанымды да айта кеткім келеді. Момышұлы туралы оқу – ер жігіттерге өте маңызды әрі әсерлі деп білемін. Оның ерік-жігері мен темірдей мінезі спортшыларға таптырмайтын мотивация.

- Негізінен қандай әдебиеттерді сүйіп оқисың?

- Маған тарихи әдебиеттер ұнайды. Ата-бабаларымыздың өмірі, ерлігін үлгі тұтамын. Мысалы, Мысырды 17 жыл билеген Сұлтан Бибарыстың өмірі көпке үлгі. Одан бүгінгі жас ұрпақ өнеге мен үлгі алса деген тілектемін. Өзім де жүрген жерімде артынан ерген жастарға осыны айтып жүремін.

- Жылына қанша кітап оқисың?

- 2024 жылы 20 кітапты оқимын деп мақсат қойғанмын. Алайда, соның тек 15-ін ғана аяқтадым. Келесі жылы осы межені бағындырамын ба деген жоспарым бар.

- Парижде боксшыларымыздың тек жалғыз күміспен қалуы нені көрсетеді?

- Біздің елде боксшыларға талап қай кезде де жоғары. Бас бапкер де оны айтып өтті. Бір боксшы сүрінсе көпшілік оны кешіре бермейді. Ел-жұрт боксты сүйіп, оған шынайы жанкүйер болғаннан кейін осылай айтады деп ойлаймын.

Токио Олимпиадасында сәтсіздікке ұшырағанда мен де тура сондай жайтты бастан кешіп, жағдайды анық сезінгенмін. Парижде біздің боксшылар арасында шын жеңілмегендері болды. Мысалы, Сәкен Бибосыновты ұтылды деп айта алмас едім. Ел-жұрт оны анық көрді. Біздің боксшылар шаршы алаңға қазақ боксының қандай деңгейде екенін көрсетіп, таза жеңіске жету үшін шығады.

- Ірі жарыстарда жеңілгенде жанкүйерлер тарапынан қысымның жоғары болатынын білеміз. Мұндай сәтте психологиялық қысымнан қалай шығасың?

- Олимпиада, әлем чемпионаттарында жеңілгенде көпшіліктің жаппай сынауы адамды сындырып жібереді. Мысалы, өзбек әлде қырғыз елінде спортшылары жеңіліп жатса, ел тарапынан оларға қолдау жоғары екенін байқаймын. Аяқтан шалмай, ерекше демеу көрсетеді. Өзбекстан құрамасында 71 келіде сынға түскен боксшы биыл Олимпиада чемпионы атанды. Ол былтыр Асланбек Шымбергеновтен Азия ойындарының ширек финалының үшінші раундында нокаутпен жеңілгені естеріңізде болар. Соған қарамастан, оған қолдау көрсетудің нәтижесінде ол үмітті толығымен ақтады. «Мынаны алып тастаңдар, бұл осымен бітті» деп ешкім айтқан жоқ. Керісінше, оған дем берді, арқасынан қақты. Арада бір жыл өтпей ол Олимпиадада чемпион атанды. 

Бұл ретте біздің жарыстарда тікелей эфирлерде комментаторлар осыны айтып отырса құба-құп болар еді. 

Токио Олимпиадасынан кейінгі сәтсіздіктен кейін елге келген соң теңіз жағасына үш күнге оңаша кетіп, байланыс аясынан тыс қалдым. Миымды тынықтырып, ойымды жинап, сараптап қайта жаттығуға кірістім. Толықтай жиналып келген соң сынаушылардың пікіріне жасып, сағым сынған жоқ. Шынын айту керек, сол уақытта ел-жұрттан қолдау болған жоқ. Ол спортшыға өте ауыр тиеді. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Негізі өзімнің отбасым, жақын бауырларым алдымнан күтіп алатын. 2021 жылы Дубайда өткен Азия чемпионатында есе жіберіп, жүлдесіз қалған сәтте бауырларымнан бөлек Нұралхан деген ағамыз өзінің достарымен бірге әуежайдан күтіп алып, білдірген қолдауын әлі күнге ұмытпаймын.

- Уақыт тауып сұхбаттасқаныңа рахмет!