«Нұрбек Оралбай құрамаға оралады»: Қазақстан боксшылары алда қандай жарыстарға қатысады

Редактор
06.01.2025, 19:15

Боксшылар 13 қаңтарда жаттығу жиындарын бастайды

ҰОК

Бокстан еліміздің ұлттық құрамасының алдағы жоспарлары мен жылдың алғашқы жарыстары туралы дерек белгілі болды. Қайрат Сәтжанов шәкірттері 13 қаңтар мен 31 қаңтар аралығында жалпы және арнайы физикалық дайындыққа арналған оқу-жаттығу жиындары өткізуді көздеп отыр. Бұл туралы еліміздің ҰОК-нің ресми дерегінде айтылды.

Аталған жиын Түркістан облысындағы «Alma-Tau» базасында ұйымдастырылмақ. Бұл жиынға бірінші, екінші, үшінші және төртінші нөмірлі спортшылар шақырылып, өзара шеберліктерін шыңдайтын болады. Бұл жолы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай да қатарға қосылатын болды. Ол ұзақ уақытқа созылған үзілістен кейін алғашқы жаттығуын бастамақ. Ресми дереккөздердің мәліметінше, ол мұрын қуыстарын емдетіп болған.

25 қаңтар күні еліміздің екі құрамы Испанияға аттанып, онда бір аптаға созылатын оқу-жаттығу жиынына қатысады. Ал 3-9 ақпан аралығында сол елдегі турнирде құрама боксшылары бақ сынайды.

Сондай-ақ, еліміздің қалған екі құрамасы Түркістан облысында жаттығуды жалғастырып, Болгарияда өтетін «Странджа кубогына» қатысқалы отыр.