Бекзат Нұрдәулетов Венгрия азаматтығын алудан неге бас тартты?

Редактор
25.12.2023, 13:52

Оған шақырту жасаған өзге де елдер болған

olympic.kz

Бокстан 2019 жылғы әлем чемпионы, Токио олимпиадасына қатысқан Бекзат Нұрдәулетов Венгрия құрамасына ауысу ұсынысынан неліктен бас тартқанын түсіндірді. Bassport.kz сайтының жазуынша, өзге елдің азаматтығын қабылдауға Бекзаттың жеке ұстанымы сәйкес келмеген.

«Бірнеше елден ұсыныс түскені рас. Бірақ бұл жайлы айтқым келмейді. Құдды мақтанып тұрғандай... Егер федерация Венгрия туралы айтса, ол жақтан ұсыныс түскені шын. Мен бас тарттым. Мақсатым – өз елімнің намысын қорғау», - деді әлем чемпионы. 

Бұдан бөлек, Бекзат Нұрдәулетов кәсіби бокстан әуесқойлар сапына қайта келу себебін түсіндірді.

«Кәсіби бокстан түбегейлі кеткенім жоқ. Кәсібилер арасында да алар асуым бар екеніне сенемін. Ал биылдан бастан әуесқойлар арасына қайта оралдым. Оның себебі – өз елімнің туын әлемдік жарыстарда көтергім келеді. Қазақстан Спартакиадасына және IBA санатындағы турнирге қатысып, бабыма еніп келемін», - деді Б.Нұрдәулетов.

Сондай-ақ, ол Токио олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейінгі күйзелістен қалай шыққанын жеткізді.  

«Токио олимпиадасы маған үлкен сабақ болды. Сол сәтсіздік біраз еңсемді түсірсе де, бапкерлерімнің, жақындарымның, психологтардың көмегімен, өзімді алып шықтым. Қайтадан күш жинап, кәсіби боксқа ауыстым. Енді, міне, әуесқойлар арасында бақ сынап жүрмін», - деді спортшы.

Бекзат Нұрдәулетов 80 келіде бақ сынайды. Бұл салмақта тағы бір әлем чемпионы Нұрбек Оралбай өнер көрсетеді. Қараша айында Астанада өткен ел спартакиадасында екі боксшы финалда кездесіп, төрешілер шешімі бойынша Нұрбек Оралбай жеңіске жетті.

Материалда: