«Бастысы – халықтың өмірі өзгерсе екен»: Дмитрий Бивол Қырғызстан туының өзгеруі жайында

Редактор
25.12.2023, 12:26

Мемлекеттік рәміздің өзгеруі елде түрлі пікірлер тудырып жатыр

Фото ашық дереккөзден

Кәсіпқой бокстан жартылай ауыр салмақта өнер көрсететін қырғыз тумасы – ресейлік боксшы Дмитрий Бивол Қырғызстан туының өзгеруіне қатысты пікір білдірді.

Өткен апта Эр-Риядта өткен бокс кешінде өнер көрсетіп, британ боксшысын жеңген Бивол жекпе-жектен кейін ресейлік блогерге сұхбат берген.

– Қырғызстан туы өзгерді.

– Иә, 26-на өзгергенін білемін.

– Өзгеріс ұнады ма?

– Шыны керек, мен бұл жайтқа мүлдем араласпаймын. Басқа ту болады деп шешті ме, онда басқа ту болады. Бастысы сол өзгерістен кейін халықтыңөмірі жақсарса. Қазір әлеуметтік желіде бұл жағдайға байланысты көптеген мем бар, жұрт мазақ қылып жатыр, машиналар ұша бастады деп келеке етуде.

– Менің түсіненім, туды ұлттық салт-дәстүрге, мәдени құндылықтарға сәйкес келсін деп өзгертті ғой?

– Бастысы – халықтың өмірі өзгерсе екен.

Еске салайық, бұған дейін грек-рим күресінен екі дүркін әлем чемпионы, қырғызстандық Жоламан Шәршенбеков тудың өзгеруіне қарсылық білдірген болатын. Ол алдағы әлемдік жарыстарға ескі жалаумен шығатынын да айтқан. Бұған Қырғызстан үкіметі ғана емес, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы да кері пікірін білдірді.