Елшат Нығметолла индонезиялық қарсыласын жойқын нокаутпен жеңді (ВИДЕО)

Редактор
01.02.2025, 23:51

Бұдан бөлек, қазақстандық тағы үш боксшы жеңіс тұғырынан көрінді

IRFIN Promotions

Таиландтың Бангкок қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде қазақстандық спортшылар түгел жеңіске жетті.

Атап айтсақ, Руслан Мәдиев Филиппин елінің боксшысы Али Канегамен жекпе-жекте төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Кездесу 10 раундқа созылды. Ол WBA Asia белбеуін қорғап қалды.

Сондай-ақ, Irfin Promotions компаниясының тағы бір боксшысы Елшат Нығметолла индонезиялық Фласидус Нуноны жеңіп, WBA Asia чемпионы атанды. Отандық боксшы жай жеңіске жетпей, қарсыласын нокаутқа жіберді. Осылайша талантты боксшы кәсіпқой рингте 21-ші жеңісіне жетті. Ол бұған дейін ұтылып көрмеген. Бұл жеңіс – оның кәсіби мансабындағы маңызды жетістік.

Бұдан бөлек, шетелде алғаш рет өнер көрсеткен Армат Арманұлы мен Нұрдос Төлебай да шаршы алаңнан жеңімпаз болып шықты.

Армат орта салмақта (72,6 кг) пәкістандық Хабиб Ур Рехманды 2-раунда нокаутқа жіберсе, бірінші жартылай орта салмақтағы (63,5 кг) Нұрдос Төлебай ирандық Амирхоссейн Арзиден 8 раундтың қорытындысы бойынша басым түсті.