Ол соңғы рет 2023 жылдың қараша айында Ташкентте африкалық Крис Томпсонды ұрып құлатқан еді
Өзбекстанның даңқты боксшысы Баходир Жалоловтың (14-0, 14 КО) бүгінге жоспарланған жекпе-жегі өтпейтін болды. Оның денсаулығынан кінәрат табылған деп мәлімдеді өзбекстандық БАҚ өкілдері.
Өзбек журналисі Джалол Ахмедовтің мәліметінше, Баходир Жалоловтан герпес инфекциясы (ұшық – авт.) анықталған. Соның салдарынан дәрігерлер жекпе-жектің өтуіне тыйым салған.
Боксшының өзі болса ұйымдастырушылар қасақана жолымды кесті дейді. Видеоүндеу жасаған Баходир болмашы безеу үшін жекпе-жекке тыйым салды деп ашынып отыр.
Еске салайық, Канаданың Монрель қаласында өтетін бокс кешінде Баходир Жалолов француз Давид Спильмонмен (16-8-1, 11 КО) жұдырықтасуы керек еді.
Жалолов бұған дейін кәсіби бокста 14 жекпе-жек өткізіп, барлығында нокаутпен жеңіске жеткен. Соңғы рет 2023 жылдың қараша айында Ташкентте африкалық Крис Томпсонмен жұдырықтасып, бірінші раундта ұрып құлатты.
Жалолов – Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы. Париж Олимпиадасынан кейін ол кәсіпқой боксқа біржола кететінін мәлімдеген еді.