Қос боксшы да кәсіпқой рингте мүлдем жеңіліп көрмеген
Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін Астанада өткізетіні белгілі. Оның қарсыласы – франциялық боксшы Анауэль Нгамиссенге (14-0, 9 КО).
Бұған дейін Жәнібектің таңдаған қарсыласы аса танымал еместігін, ТОП дәрежедегі боксшылармен жұыдырықтасып көрмегенін жазған болатынбыз. Десе де, британдық бокс шолушысы Тейлор О’Хиггинс Жәнібек Әлімханұылына оңай болмайтынын ескертті.
«Қарсыласты менсінбеуге болмайды. Нгамиссенге – Олимпиадаға қатысқан боксшы. Ол кәсіпқой рингте мүлдем жеңілмеген, өзіндік стилі бар. Оны танитындар Жәнібекке оңай болмайтынын айтып отыр. Мен Нгамиссенгенің Федор Черкашинмен 2023 жылы болған жекпе-жегін көріп шығуға кеңес беремін. Мұнда ол орта салмақтағы ең мықты проспект ретінде қарастырылған», - деп жазды О’Хиггинс X әлеуметтік желісінде.
Аталған жекпе-жек 5 сәуірде Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді.
Естеріңізде болса, Жәнібек Әлімханұлы соңғы рет шаршы алаңға былтыр қазан айында Сиднейде (Аустралия) шығып, тоғызыншы раундта Жаңа Зеландия өкілі Андрей Михайловичті (21-1, 13 КО) техникалық нокаутпен жеңген.