Үшінші раундқа болгар боксшысы шықпай қалды
Болгария астанасында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа кубогінің» екінші жарыс күнінде Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай шаршы алаңға көтерілді.
Ол 86 келіге дейінгі салмақта жергілікті болгар боксшысы Мануель Жечевпен кездескен. Екінші раундта отандасымыз қарсыласын бір рет нокдаунға түсірді.
Үшінші раундқа болгар боксшысы шықпай қалды. Сөйтіп, Оралбайлардың сыңары техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Енді ол ширек финалда ағылшын Скотт Тигнмен кездеседі.
Айта кетейік, Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасынан кейін алғаш рет бокстасып тұр.
Айбек Оралбай да еш қиналмай ширек финалға шықты.
92 келіден жоғары салмақта шаршы алаңға көтерілген Айбек пәкістандық Абдул Вахаб Тахирмен жұдырықтасты. Төреші жекпе-жекті бірінші раунд аяқталмай-ақ тоқтатты. Отандасымыздың айқын басымдығынан кейін техникалық нокаут тіркелді.
Ширек финалда Өзбекстандағы этникалық қазақ боксшысы Арман Махановты жеңген ирландиялық Годстайм Идемудиамен жұдырықтасады.