Сарапқа WBC чемпиондық белбеуі салынады
Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Карлос Адамес (24-1-1, 18 КО) келесі жекпе-жегіне қатысты мәлімдеме жасады.
Доминикалық боксшы жуырда ғана титулын қорғау үшін британдық Хамза Ширазбек (21-0-1, 7 КО) жұдырықтасқан болатын. Жекпе-жек тең аяқталып, WBC Адамеске өзге боксшымен титулды қайта қорғауды міндеттеді. Ал, ESPN инсайдері Сальвадор Родригестің айтуынша, бұл жекпе-жекке негізгі кандидат – қазақ Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 КО) болып отыр.
«Мен панчерлердің өзін тығырыққа тіреймін. Тек екі боксшы ғана менімен соққы алмасып жұдырықтасты, олар – Деревянченко мен Монтьель. Міне сіздерге нәтиже. Ал, кім менімен WBC белбеуі үшін жұдырықтасқысы келеді, мен 8 аптадан кейін дайын боламын», - деп жазды Адамес өзінің X-парақшасында.
Карлос Адаместі өзге қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлы соңғы екі жылдан бері жекпе-жекке шақырып келеді. Алайда, доминикалық боксшы Qazaq Style-мен рингке шығуға асығар емес.