Өзбекстандық боксшының қарсыласы әзірге белгісіз
Жеңілмеген аса ауыр салмақ өкілі өзбекстандық Баходир Жалолов (14-0, 14 КО) кәсіпқой бокстағы келесі кездесуін Қазақстанда өткізеді.
Ол 5 сәуірде Астанада өтетін «Батылдар айқасы» шоуы аясында жекпе-жекке шығады. Дәл осы күні орта салмақта WBO/IBF чемпионы Жәнібек Әлімханұлы француз Анауэль Нгамиссенгемен айқаста чемпиондық атағын қорғайды. Ал Жалоловтың қарсыласының есімі белгісіз.
«5 сәуір. Астана. Жақын арада кездескенше, Қазақстан», — деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.
Айта кетейік, Баходир Жалолов 2023 жылғы қарашадан бері кәсіпқой бокс шаршы алаңына шыққан жоқ. Олимпиаданың екі дүркін чемпионы ақпан айында Канадада өнер көрсетуі керек еді, алайда денсаулығына байланысты дәрігерлер оны жекпе-жек қатыстырмай қойды.