Танымал америкалық бапкер отандасымыз үшін арнайы келген
Орта салмақта WBO/IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) атағын қорғауға тыңғылықты дайындалып жатыр.
5 сәуір күні Астанада «Қазақ стилі» француз Анауэль Нгамиссенгемен (14-0, 9 КО) жұдырықтасады. Әлеуметтік желіде Әлімханұлы спарринг-сессиясынан видео жариялап, лагеріне танымал америкалық бапкер Марко Контрерастың келгенін мәлімдеді. Естеріңізде болса, Контрерас кезінде Александр Гвоздик, Василий Ломаченко, Эгидиюс Каваляускас секілді мықтылармен жұмыс істеген.
Айта кетейік, Әлімханұлының алдағы айқасы отандық жанкүйерлер үшін тарихи жекпе-жек болмақ. Себебі бұған дейін жергілікті боксшылар екі бірдей чемпиондық атағын Қазақстанда қорғамаған.