Ресей сапында өнер көрсеткен тағы бір қазақ қызы қола жүлдеге қол жеткізген
Бокстан Сербияда өткен қыздар арасындағы әлем чемпионатында Ресей намысын қорғаған қазақ Салтанат Меденова жеңімпаз атанды.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақ қызы финалда түркиялық қарсыласын 4:1 есебімен оңай жеңді. Бұған дейінгі екі жекпе-жегін де қандасымыз техникалық нокаутпен аяқтаса, жартылай финалдық кездесуде 5:0 есебін тіркеді.
Салтанат әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, бірден чемпион болып отыр. Ол 2024 жылы Ресей чемпионатында топ жарып, кейін Брикс турнирінде жеңімпаз атанды.
Салтанаттан бөлек әлем чемпионатына Ресей құрамасының сапында тағы бір қазақ қызы Альбина Молдажанова бақ сынады. Ол жартылай финалда өзбек қызынан жеңіліп, қола медальға ие болды.
Ресей құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленсе, бір алтыны аз Қазақстан екінші орынға тұрақтады. Үздік үштікті Түркия боксшылары түйіндеп отыр.