Қазақстан жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады
Сербияда өткен бокстан қыздар арасындағы әлем чемпионатының финалында Елдана Тәліпова қытайлық Жан Юлианға есе жіберді.
+81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Елдана финалда қытайлық боксшыны үш раунд бойы ұрған. Алайда, төрешілер жеңісті 4:1 есебімен Жан Юлианға берді.
Осылайша Қазақстан командалық есепте 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медальмен екінші орынға тұрақтады. Біздің құрама сапынан Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова және Аида Әбікеева әлем чемпионы атанса, Виктория Графеева мен Елдана Тәліп күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал, Наталья Богданова үшінші орынмен жарысты аяқтады.
Бірінші орынды 4 алтын, 1 күміс және 2 қола медалі бар Ресей иеленсе, үздік үштікті Түркия командасы қорытындылады (1 алтын, 2 күміс, 2 қола).
Айта кетейік, 1-орын алған боксшыларға – 100 000, 2-орынға – 50 000 және 3-орынға – 25 000 доллар сыйақы беріледі.