Ұлттық құраманың бас бапкері Махмұд Сабырханның бірінші номерлі боксшы болатынын айтып отыр
Бокстан әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов 54 келі салмаққа ауысты. Бұл туралы боксшының өзі мәлімдеді.
«Қазір ұлттық құрамамен бірге оқу-жаттығу жиынындамын. Ресейдің Кисловодск қаласындамыз. 54 келіге ауыстым», - деді Сәкен Бибосынов.
Бас бапкер Қайрат Сәтжанов боксшылардың салмақ ауыстыруын World Boxing ережелерімен байланыстырып отыр.
«Сәкен Бибосынов 2024 жылы өткен Азия чемпионаты барысында жарақат алып қалған еді. Содан бері ота жасатып, ем-дом шараларын қабылдады. Өздеріңіз білетіндей, World Boxing ұйымында салмақ дәрежелері басқаша. Сәкен бұған дейін 51 келіде өнер көрсетсе, енді жаңа ұйымда 50 келіде жұдырықтасу қиынға соғады. Сондықтан оған 55 келіге ауысқан тиімдірек. Бұл салмақта Махмұд Сабырхан бірінші нөмірлі болып қала береді», - деді бас бапкер Спортты дамыту дирекциясына берген сұхбатында.
Енді Сәкен Бибосынов пен Махмұд Сабырхан бір салмақта өнер көрсететін болады. Қос боксшы бұған дейін соңғы рет 2020 жылы Қазақстан чемпионатының финалында жұдырықтасып, Махмұд Сабырхан жеңіске жеткен болатын.