Түркістан облысының әкімдігі Сәкен Бибосыновтың пәтер дауын демеушілер арқылы шешпек

Редактор
05.01.2024, 18:52

Боксшыға баспана кілтін сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев табыстаған

olympic.kz

Түркістан облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы бокстан әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтың пәтер дауына қатысты пікір білдірді. Есте болса, боксшы өзіне тиесілі баспананы үш жылдан бері өз атына аудара алмай жүргенін айтып шағымданған болатын.

Дауға айналған екі бөлмелі пәтерді Сәкенге үш жыл бұрын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өз қолымен тапсырған екен. Кейін белгілі болғаны, бұл – жалдамалы баспана болып шықты. Яғни, жалдау мерзімі біткенде әлем чемпионын әкімдік далаға қуып шыға алады.

Қоғамда резонанс туғаннан кейін әкімдік өкілдері Сәкенге баспананы демеушілер арқылы рәсімдеп береміз деп уәде етті.

«Бұл пәтер арендалық негізде берілген. Алайда демеушілер тарапынан мәселені шешу үшін жұмыстар жүріп жатыр. Пәтер Сәкен Бибосыновтың меншігіне беріледі», - делінген әкімдік таратқан хабарламада.

Сәкен Бибосынов – бокстан Токто олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы.