Қазір талантты боксшының жасы небәрі 18-де
Бокстан жастар арасында әлем чемпионы, жастар мен жасөспірімдер арасында Азияның төрт дүркін чемпионы Төрехан Сабырхан Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы атанған алғашқы қазақ болғысы келеді. Мұндай мақсатын ол «Спорт министрі» YouTube-каналына берген сұхбатында айтты.
Айта кетейік, 5 сәуірде Төрехан Сабырхан Астанада кәсіпқой бокстағы дебютін жасаған еді. Ол чехиялық Йиржи Хаукемен (4-6, 2 КО) жұдырықтасып, үшінші раундта қарсыласын нокаутпен жеңді.
«Біз әлі кәсіпқой боксқа ауысқан жоқпыз. Алда әлі әлем чемпионаты және Олимпиада ойындары бар. Бұйырса 2028 жылы елімізге Олимпиада алтынын сыйлау – басты мақсатымыз. Сондай-ақ, Қазақстанда әлі екі дүркін Олимпиада чемпионы шықпаған. Мен екі дүркін Олимпиада чемпионы болғым келеді. Содан кейін бір-ақ кәсіби боксқа бару ойымда бар. Оның бәрін алдағы уақытта көреміз, әлі жаспын», - деді Төрехан Сабырхан.
Айта кетейік, Төрехан Сабырхан небәрі 18 жаста. Ол Қазақстан ересектер құрамасына 2024 жылдың соңында ғана ауысты.