Енді Қырғызстан боксшысы Бақыт Токтасын уулумен кездеседі
Ресейлік боксшы мен қазақстандық Азия чемпионы нағыз шайқастың қандай болатынын көрсетті.
Хабаровскіде Константин Коротковты еске алуға арналған халықаралық бокс турнирінің үшінші күніндегі жекпе-жектер аяқталуға жақын.
2024 жылғы Азия чемпионы, 92 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Сағындық Тоғамбай ширек финалда былтырғы Ресей біріншілігінің жеңімпазы Егор Плоцынмен кездесіп, жанкүйердің айызын қандырған жекпе-жек өткізді.
Алғашқы раундта Плоцын белсендірек қимылдаса, Тоғамбай негізінен қарымта шабуылмен шектелді. Алайда екінші раундта жағдай өзгеріп, қос боксшы ашық айқасқа көшті. Тоғамбайдың жойқын соққыларының бірі қарсыласының тұмсығын бұзып жіберді. Төреші тіпті жекпе-жекті екі мәрте тоқтатуға мәжбүр болды.
Үшінші раундта Сағындық бірнеше ауыр соққы жасап, соның бірі нокдаунға әкеліп соқты. Төреші есеп ашты. Жекпе-жек соңында барлық төреші Тоғамбайдың айқын басымдығын мойындап, жеңісті бірауыздан жерлесімізге берді.
Осылайша, Сағындық Тоғамбай турнирдің жартылай финалына өтіп, кем дегенде қола жүлдеге қол жеткізіп отыр. Финалға жолдама үшін ол Қырғызстан боксшысы Бақыт Токтасын уулумен кездеседі. Айта кету керек, бұл қырғыз спортшысы үшін турнирдегі алғашқы жекпе-жек болмақ.