Бұл турнирде Нұрқанат Райыс пен Жолдас Жеңісов те бағын сынап жатыр
Сауд Арабиясында кәсіпқой боксшылар арасында өтіп жатқан әлем біріншілігінде Қазақстан өкілі Санатәлі Төлтаев алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. Алты раундқа есептелген кездесуде отандасымыз Венесуэла боксшысы Херман Брочероны техникалық нокаутпен жеңді.
Санатәлі Төлтаевтың қарсыласы бұған дейін шаршы алаңда жеңіліп көрмеген: он жекпе-жек өткізіп, бәрінде нокаутпен жеңіске жеткен.
«Осының арқасында Санатәлі Төлтаев өз салмағында әлемдегі 150 топ боксшы қатарына енді», - деді боксшының менеджері Жанпейіс Назарғали.
Эр-Риядта кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионатында боксшылар 57, 63, 72 келі және аса ауыр салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтауда. Бұл сынның алғашқы үш кезеңі 6 раундтық жекпе-жектен тұрады. Жартылай финал 8 раунд болса, финал 10 раундқа есептелген.
«Өз салмағы бойынша жеңіске жеткен боксшы 100 мың АҚШ долларын алады және Турки Аль аш-Шейхпен келісімшартқа отырады. Бірінші кезеңде жеңіске жеткен 15 мың АҚШ долларын алады. Ал жеңілсе, 7,5 мың АҚШ доллары беріледі», - деген болатын Жанпейіс Назарғали.
Айта кететін жайт, WBC Турки Әл аш-Шейхпен бірлесіп құрған турнирде қазақстандық Нұрқанат Райыс, Жолдас Жеңісов сынды кәсіпқой боксшылар да бағын сынап жатыр.