Екеуі де қарсыластарын нокаутпен жеңген болатын
Ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхандар Астанада өткен кәсіби бокс кешінде өнер көрсеткен болатын. Екеуі де қарсыластарын нокаутпен жеңді. «Бірінші бол» YouTube-каналына берген сұхбатында олар аталған жекпе-жек үшін қанша гонорар алғанын айтып берді.
Еске салайық, Махмұд вьетнамдық боксшыны екінші раундта техникалық нокаутпен жеңсе, Төрехан Чехиядан келген тәжірибелі боксшыны үшінші раундта ұрып құлатты.
«Өзіміз сұраған ақшаны берген жоқ, сәл азайтыңдар деп айтты. Жасырмай айта берейін, екеуміздікін қосқанда 12 миллион теңгедей беретін болды», - деді Махмұд Сабырхан сұхбат барысында.
Айта кетейік, аталған бокс кешін Nomad Promotions компаниясы ұйымдастырған. Ал, ағайынды Сабырхандарды аталған бокс кешінде өнер көрсетуге әйгілі Амир Ханның (кәсіпқой бокстан әлемнің экс-чемпионы) өзі шақырыпты.
Махмұд Сабырхан – әуесқой бокстан Әлем және Азия чемпионы. Төрехан болса ересектер қатарына былтыр желтоқсанда қосылған, ол – жастар арасында Әлем чемпионы, Азияның төрт дүркін жеңімпазы.