Соған қарамастан ол биыл ақпанда британдық Хамза Ширазды жеңе алмады
Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Карлос Адамес (24-1-1, 18 КО) екі салмақ дивизионында өзіне тең келер қарсыластың жоқ екенін айтып мақтанды.
«Маған жетістігімнің бәрі өте ауыр еңбекпен келген. Бұл нәтиже – қазіргі таңдағы орта салмақтағы ең үздік боксшының еңбегі.
Тәкаппарлық деп айтпаңыздар, бірақ мен орта және екінші орта салмақтағы үздік ТОП-10 боксшының тізімін қарап, мені жеңе алатын ешкім жоқ екеніне көзім жетті. Нағыз шеберлік деген осы», - деп жазды Адамес өзінің X-парақшасында.
Айта кету керек, Адаместің бүгінгі таңдағы ең басты бәсекелесі – Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО). Ол – орта салмақта WBO және IBF чемпиондық титулдарының иегері. Қос боксшы бір-бірімен тек әлеуметтік желіде ғана «айқасып» жүр.
Ал, орта салмақтың төртінші белбеуі кубалық Эрисланди Лараға (31-3, 19 КО) тиесілі.