Боксшы кәсіпқой бокстан жақсы ұсыныс күтіп жүргенін жасырмады
World Boxing ұйымы бокстағы олимпиадалық салмақ дәрежелерін өзгертіп тастағанын бұған дейін жазғанбыз. Енді Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жарыс 55 келіден басталады. Ал, бұл салмақта Қазақстанның өзінде ішкі бәсекелестік өте жоғары болайын деп тұр. Әлем чемпиондары Махмұд Сабырхан мен Сәкен Бибосынов онсыз да биыл осы салмаққа тұрақтаған. Оларға Азияның күміс жүлдегері Оразбек Асылқұлов (57 кг) және тағы бір әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай (51 кг) қосылуы мүмкін. Бұдан бөлек, жастар құрамасында да мықты боксшылар өсіп келе жатыр. Демек, Лос-Анджелес жолдамасы үшін Қазақстанның өзінде қызу тартыс болары сөзсіз.
Осы орайда біз Олимпиада ойындарының қола жүлдегері және әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтың осынау додаға дайындығы туралы сұрап білдік. Шымкенттік боксшы былтыр ауыр жарақат алып, аяғына операция жасатқан болатын. Биыл жаттығу залына оралып, тіпті алғашқы жарысында алтыннан алқа тақты.
– Сәкен, операциядан шыққаннан кейін бірден оқу-жаттығу жиынына барып, артынша жарыcқа қатысып, чемпион болып келдіңіз. Толықтай қалыпқа келіп болдыңыз ба, әлде бұл жарыстағы қарсыластар әлсіздеу болды ма?
– Операциядан кейін оқу-жаттығу жиыны аздап қиынға соқты. Біраз үзіліс алып қалдым. Сондай-ақ, жарыс та оңай болған жоқ, турнир жоғары деңгейде өтті. Қарсыластар осал болды деп айта алмаймын.
Бұл жарысқа алғаш рет 2017 жылы қатысқанмын. Сол уақытта 52 келі салмақта бақ сынап, чемпион атанғанмын. Міне, араға біршама жыл салып, жаңа салмақ – 54 келіде топ жарып, жеңімпаз атанып отырмын.
Ал, жарақатымнан 100% толыққанды сауығып, айыққан жоқпын. Қазіргі таңда кейбір жаттығуларда жасағанда аяғым аздап ауырады. Біраз уақыттан кейін толық сауығамын деп ойлаймын.
– Хабаровск қаласыгда өткен турнирде жанкүйерлер сіздің Хасанбоймен жекпе-жегіңізді күтті. Алайда, соңғы сәтте өзбек боксшысы жолын інісіне беріп, Бибосынов-Дусматов жекпе-жегі болмай қалды. Жұрттар Хасанбойдың сізден сескенгенін жазып жатыр. Біреулер інісіне әдейі жол берді дейді. Қазіргі бабыңызбен Хасанбойды жеңу мүмкіндігіңіз қалай бағалайсыз?
– Хасанбой Дусматов екеуіміздің жекпе-жегімізді Қазақстан, Өзбекстан халқы күтті деп ойлаймын. Сонымен қатар6 екеуіміздің жекпе-жегіміз әлемдік жекпе-жек болғандықтан, басқа елдерде де күткені анық. Бірақ жеребеге байланысты ширек финалда Хасанбой інісімен жұдырықтасуы керек болған. Сол себепті інісіне жол берді. Мен інісін еш қиындықсыз жеңдім, бапкерлердің айтқан тактикасын бұлжытпай орындадым.
Хасанбой Дусматов Олимпиададан кейін бабына келе алмай жүрген сияқты.Ресейде 18 күн Ресей, Өзбекстан, Беларусь боксшылары және біздің ұлттық құрама бірге оқу-жаттығу жиынында болдық. Сол кезде Хасанбой Дусматовпен екі рет спарринг ойнадым. Інісімен де ойнадым. Хасанбой екеуіміз бір-бірімізді өте жақсы білеміз. Мықты қарсыластарымның бірі. Қазіргі бабымен мүмкін ұтатын шығармын. Мен өзімді 100% бабымда болдым деп айта алмаймын.
– World Boxing жаңа салмақ дәрежелерін бекіткеннен кейін салмақ көтеру туралы шешімге келдіңіздер ме, әлде салмақты ұстап тұру расымен де қиын болып жатыр ма? Негізі қай салмақта қалуды жоспарлап отырсыз?
– Word Boxing ұйымы Олимпиададағы жаңа салмақтарын бекітті. Мұнда Олимпиададағы ең жеңіл салмақтың өзі – 55 келі. 50 келі Әлем чемпионаттырында болатын шығар. Бірақ Олимпиада ойындарында 50 келі салмақ болса маған қиын болатын сияқты. Себебі салмақ қуу, салмақ ұстап тұру өте қиын. Сондықтан 55 келіге ауысып жатырмыз. Қазіргі салмағым 54, 55 келі. Осы салмаққа бейімделіп жатырмын. Өзім талай жыл 51, 52 салмақта жұдырықтасқаннан кейін біраз уақыт бейімделуге тура келеді. Физикалық тұрғыдан күш жинауым қажет.
– Неге кәсіпқой боксқа біржола ауысып кетпейсіз? Әуесқойдағы жетістігіңіз жеткілікті емес пе? Енді неге кәсіпқойды бағындырмасқа? Оның үстіне, қазір 55 келіде Қазақстанның өзінде сізге бәсекелестік тым жоғары болайын деп тұр.
– Кәсіпқой боксқа әзірге ауысатын жоспарым жоқ. Бірақ ұсыныстар түсіп жатыр. Бұны алдағы уақытта көреміз. Ал, 55 келіде елімізде бәсекелестік өте жоғары болайын деп тұр. Бәсекелестік болған жерде өсу тез болады деп ойлаймын. Сондай-ақ, нәтиже де болады. Осы жаңа салмақ 55 келіде жігіттермен бірлесіп, байрақты бәсекеде елдің намысын абыроймен қорғасақ деген ниет бар.
– Дегенмен, болашақта сізді кәсіпқой бокстан көруіміз мүмкін бе?
– Болашақта жақсы ұсыныстар болса кәсіпқой бокста да әлем чемпионы деген аттаққа қол жеткізгім келеді. Ондай мақсат мен арманым бар. Жақсы ұсыныстар түссе алдағы 1-2 жылда мүмкін кәсіпқой боксқа ауысып қалармыз.
– Хейтті қалай қабылдайсыз? Парижден кейін Қазақстан құрамасындағы барлық боксшыны жанкүйерлер де, журналистер де жерден алып, жерге салды. Махмуд Сабырхан, Асланбек Шымбергеновтер сынды ауыр қабылдағанын жасырмай айтты. Тіпті, боксты тастап кетуге бел будық дейді екеуі де. Ал, сіз өзіңіз туралы жазылған сын-пікірді оқып отырасыз ба? Оқысаңыз қандай сезімде боласыз?
– Cынды орынды, дұрыс айтса жақсы қабылдаймыз. Бірақ кез келген мәселеге қатысты өзінің маманы сөйлеген дұрыс деп ойлаймын. Кейбіреулер диванда отырып болмайтын дүниелер жаза береді. Намысқа тиеді, ойланбай кез келген сөзді де жазады. Тіпті, адамның жеке шекарасына өтіп кетеді.
Осы орайда жанкүйерлерден спортшыларды, әсіресе боксшыларды жеңсек те, жеңілсек те қолдауын сұраймын. Спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді.
Жеке басым сынды дұрыс қабылдаймын. Бокста бапкер, жаттықтырушылар сын-пікір айтса дұрыс қабылдауға болады. Ал жаттығу жасамақ түгілі, рингке шығып көрмеген адам қисынысыз пікір айтса, дұрыс емес деп ойлаймын.
– Ұлттық құраманың бапкерлер штабы толықтай ауысқалы бері жаттығу әдіс-тәсілдері де ауысты ма? Қазір ұлттық құрамаға келген шетелдік мамандардың жұмысына қандай баға бересіз, расымен де мықты ма екен, Қазақстанда ондай мамандар жоқ па?
– Қазіргі ұлттық құрамадағы бас бапкер мен жаттықтырушылар – Токио Олимпиадасында да жұмыс істеген адамдар. Сол уақытта бірге жұмыс істеп жаттыққанбыз.
Иә, дәл қазіргі уақытта өзгерістер бар. Шетелден келген мамандар да оң пайдасын тигізіп жатыр деп ойлаймын. Мықты мамандарды шақырып, жақсы жұмыс жүріп жатыр. Бұның бәрі алдағы ірі додаларда өзінің жемісін береді деп ойлаймын.
– Алдағы жоспар туралы азды-кем айтып беріңізші, биыл қандай жарыстардан көреміз, бір емес екі бірдей әлем чемпионаты өтеді: IBA және World Boxing ұйымдастыратын. Қайсысына баруды көздейсіз?
– Түркістан облысы Алматау базасында 1-18 мамыр аралығында оқу-жаттығу жиыны өтеді. Бұдан да өзге оқу-жаттығу жиындары бар. Алдағы жоспарды ұлттық құраманың бапкерлері ақылдасып шешеді.
Word boxing ұйымдастыратын әлем чемпионатының күні белгілі. Ал, IBA-ның нақты уақыты әлі белгісіз болып тұр. Кім бабында болады, сол барады. Ұлттық құраманың бапкерлері мүмкіндік беріп жатса, елдің намысын абыроймен қорғауға барынша тырысамын. Мен жаңа салмаққа енді ғана ауысып жатқандықтан, бұл салмақта қазір бірінші және екінші нөмердегі боксшылар бар. Жаңа салмаққа тезірек бейімделіп, бәсекелестікті арттырамыз.
– Әңгімеңізге рақмет!