Сәрсекбаев Өзбекстанда дүниеге келіп, сол елде бокс әліппесін үйренген
Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев басшылық ететін Қазақстанның 22 жасқа дейінгі құрамасы бұл күндері Өзбекстандағы жарыста бақ сынап жатыр. Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев болса қазақ әріптесі туралы жылы лебізін білдірді.
Айта кету керек, Бақыт Сәрсекбаев Өзбекстанда туып, сол елде бокс әліппесін үйренген. Киличев екеуі бір залда жаттыққан. Өзбек бапкері Сәрсекбаевтың боксшы ретіндегі ерекше қабілеті қазіргі қызметінде де көмектесетініне сенімді.
«Қазақстан құрамасына көмектесуге досым Бақыт Сәрсекбаев келді. Екеуміз бала кезімізден талай рет осы залда арқан тартып, қолдан ринг жасап жаттыққанбыз. Екеуміз бір салмақта болдық, бірақ ол маған қарағанда мықтылау болды. Біз оны атқа теңейтінбіз, шаршамай шабатын сәйгүліктер болады ғой, дәл сондай. Сондықтан оның бапкер ретінде де мықты маман екені сөзсіз. Жасыратын несі бар, Бақыт бокс басшылығына келді дегенде, уайымдап қалғанымыз рас, себебі оның қалай жұмыс істейтінін білеміз, ол енді бізге қарсы мықты қарсыластар дайындайды», - деді бас бапкер.
Өзбекстандық маман Сәрсекбаевтың келуімен екі ел арасындағы шынайы бәсекелестік арта түсетініне сенімді.
«Бір жағынан, Бақыттың U22 құрамасын басқарғанына қуаныштымын. Бізге қарсы адал, сапалы бәсекелестік даярлайтынын білеміз, бізге де керегі сол.
Міне, өзінің өскен, оқып-жаттыққан жеріне командасын оқу-жаттығу жиындарына алып келді, ал бүгін жарысқа қатысып отыр, көріп риза болып қалдым. Құдай қаласа, әлі де талай бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз. Осылай Өзбекістан-Қазақстан бірге адал бәсекелестікпен шыныға берсек, бүкіл әлемді бірге бағындырамыз. Қазақ-өзбек бір-біріне тек шаршы алаңда қарсылас, ал өмірде ағайынбыз, бауырмыз, қыз алып, қыз беріскен халықпыз. Қазақстан, Өзбекстан спортшыларына әрдайым сәттілік тілеймін. Олимпиада, әлем біріншіліктерінде кездесіп, бүкіл әлемге Орталық Азияда осындай алпауыт елдердің барын бірге мойындата берейік» - деп сөзін қорытындылады Киличев.