Наоя Иноуэ екінші жеңіл салмақта абсолютті әлем чемпионы атағын қорғап қалды
5 мамырға ауған түні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы «T-Mobile Arena» аренада Top Rank промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен бокс кеші өтті.
Кештің басты оқиғасында екінші жеңіл салмақтағы (55,3 кг дейін) әлем чемпионы атағы сарапқа салынды. Шаршы алаңда абсолютті әлем чемпионы жапониялық Наоя «Құбыжық» Иноуэ (29-0, 26 КО) мен америкалық Рамон Карденас (26-1, 14 КО) кездесті.
Айқаста жапон боксшысы фаворит саналған, дегенмен кездесу басталысымен-ақ Карденас ринг ортасын иеленіп, бірінші нөмірмен жұмыс істей бастады. Америкалық боксшы шабуылда белсенділік танытып, жапон боксшысының қорғанысын оңай бұзып отырды.
Ал Иноуэ арақашықтық сақтауға тырысып, аяқпен жақсы қозғалды, бірақ екінші раундта қарсыласының ауыр соққысын өткізіп алды – нокдаун. Шамасы «Құбыжық» қарсыласынан мұндай қарқынды күтпеген тәрізді.
Карденас бұдан кейін де қарқынын бәсеңдеткен жоқ, бірқатар дәл соққы жасап үлгерді. Дегенмен Иноуэ біртіндеп бастаманы өз қолына алып, чемпиондық атағын қорғауға дайын екенін көрсетті.
Алтыншы раундтан бастап жапон Карденасты соққының астына алды. Тіпті оның бапкері жекпе-жекті тоқтатқысы да келді, бірақ Рамон қарсы болды. Сөйте тұра төреші сегізінші раундта айқасты тоқтатты. Нәтижесінде техникалық нокаут тіркелді.
Осылайша, Наоя Иноуэ екінші жеңіл салмақта абсолютті әлем чемпионы атағын қорғап қалды. Енді оны Муроджон Ахмадалиевпен жекпе-жек күтіп тұр. Ал Карденаспен болған айқас «жыл жекпе-жегі» атағына үміткер болуы мүмкін.