Қазақстандық кәсіпқой боксшылар Сауд Арабиясында жекпе-жек өткізеді

Редактор
23.05.2025, 11:22

Жеңіске жеткендер бокс менеджері Турки Альаш-Шейхпен келісімшартқа отырады

Әлеуметтік желі

Маусым айында WBC Гран-приінде қазақстандық кәсіпқой боксшылары Жолдас Жеңісов (57,1 кг) пен Санатәлі Төлтаев (63,5 кг) кезекті айқасқа шығады. Бұл ретте отандық боксшылардың 1/8 финалдағы қарсыластарының есімі мәлім болып отыр.

«Жолдастың қарсыласы АҚШ өкілі Трой Нэш (4-0-0, 1KO). 19 жастағы боксшы алғашқы кездесуде отандасымыз Александр Коврыгинді жеңген еді. Енді міне, екінші қазақпен шыққалы тұр. Санатәлі болса жеңілмеген филиппиндік Джеральд Интомен (12-0-0, KO) жұдырықтасады. 25 жасар Инто өте тәжірибелі боксшы. Әлемнің үздік 50 боксшының қатарына енеді. Сондай-ақ WBC Asia белбеуінің қазіргі иегері. Ол алғашқы кездесуінде АҚШ спортшысы Ахмад Джонсты (10-0, 7KO) еркін жеңді», - деді боксшылардың менеджері Жанпейіс Назарғали. 

Эр-Риядта кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионаты саналатын додада боксшылар 57,63, 72 келі және аса ауыр салмақ дәрежесі бойынша айқасатыны бұған дейін мәлім болған еді. Санатәлі Төлтаев алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетіп, алты раундқа есептелген кездесуде Венесуэла боксшысы Херман Брочеродан техникалық нокаутпен басым түсті. 

Айта кететін жайт, турнир қорытындысы бойынша жеңіске жеткен боксшы 100 мың АҚШ долларына ие болады. Сондай-ақ, бокс менеджері Турки Альаш-Шейхпен келісімшартқа отырады.