Британдық әлем чемпионына қазақ боксшысы Сұлтан Зауырбекпен жұдырықтасу ұсынылды

24.05.2025, 11:43

«Қазақ королі» соңғы рет 5 сәуірде рингке шығып, жеңіске жеткен болатын

Nomad Promotions

Кәсіпқой бокста екінші жеңіл салмақтағы IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы солтүстік-ирландиялық Энтони Какачеге (24-1, 9 КО) жеңіліп көрмеген қазақ боксшысы Сұлтан Зауырбекпен (20-0, 13 КО) жекпе-жек өткізу ұсынылды.

11 мамырда Какаче өз отандасы Ли Вудпен (28-4, 17 КО) жұдырықтасып, титулын сәтті қорғаған болатын. Төрешілер бұл жекпе-жекте техникалық нокаут тіркеді.

Ал, Какаченің осы жеңісінен кейін польшалық белгілі спорт комментаторы Лукаш Фенрих әлеуметтік желіде жазба қалдырып, ирландиялық боксшы мен Сұлтан Зауырбектің жекпе-жегі өте қызықты болатынны айтқан.

«Мен оның Сұлтан Зауырбекпен кездескенін қалаймын. Менің ойымша, бұл жекпе-жек оған қалаған ақшасын әкелмейді, бірақ бұл өте жақсы айқас болар еді», - деп жазды Фенрих X әлеуметтік желісінде.

Зауырбек соңғы рет рингке 5 сәуірде шығып, оңтүстікафрикалық Азинга Фузилені жеңді және IBF Inter-Continental титулын иеленді.