Ангелина Лукастың командасы намысыма тиді – Балауса Мұздыман

03.06.2025, 09:17

Қос боксшы әуесқой бокста кездесіп, Балауса жеңіске жеткен болатын

Nomad Promotions

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Балауса Мұздыман осыдан біршама уақыт бұрын өзінің байырғы қарсыласы Ангелина Лукасты жекпе-жекке шақырған болатын. Алайда, бұл мәлімдемеге Лукас пен оның командасы мүлдем жауап бермеді.

Ал, Балауса Мұздыманның айтуынша, бұл мәлімдемеден бұрын Ангелина Лукас оның намысына тиетін сөздер айтқан. Сол себепті ашық жекпе-жекке шақырып, кім мықтыны рингте анықтауды ұсынған екен.

«Негізі бұл дауды көп адамдар мен бастады деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде бізге Камил Гаджиев тарапынан ұсыныс түскен. Бұл ұсынысты біз қабылдадық. Ал, Ангелина Лукас командасы Балауса алдымен атақты спортшымен жекпе-жекке шықсын, содан кейін ғана менімен шығады деп менсінбеушілік танытты. Сонымен қатар, оның менеджері мені "фальшивый" боксшы депті. Бұның бәрі менің намысыма тиген соң мен видеоүндеу жасап, Ангелина Лукасты жекпе-жекке шақырдым», - деді Балауса Мұздыман «Спорт пульс» YouTube-каналына берген сұхбатында.

Айта кетейік, Балауса Мұздыман мен Ангелина Лукас әуесқой бокста жұдырықтасып, Балауса жеңіске жеткен еді. Бірақ Ангелина Лукас бұл шешіммен келіспей, жекпе-жек арты дауға ұласқан.

Балауса Мұздыман кәсіпқой бокста 6 рет жекпе-жек өткізіп алтауында да жеңіске жеткен. Ангелина Лукас 16 жекпе-жектің тек біреуінде ғана жеңіліп, қалғанының бәрінде жеңіске жетті.