Шымбергеновке лайықты қарсылық көрсеткен түркіменстандық боксшы Алматыда чемпион атанды

Редактор
03.06.2025, 10:20

Алматыдағы турнирде 218 былғары қолғап шебері бақ сынасты

Спортты дамыту дирекциясы

Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған 28-ші халықаралық бокс турнирі мәресіне жетті.

Бұл жолы Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Моңғолия, Өзбекстан және Ираннан мемлекеттерінің 218 былғары қолғап шебері бақ сынасты. Сондай-ақ турнирге Иран мен БАӘ-ден бақылаушылар да қатысты.

Қазақстан боксшыларынан  Бекзат Алдамжаров (51 келі), Қайрат Ернұр (54 келі), Асылжан Серікбай (57 келі), Талғат Сырымбетов (60 келі), Әубәкір Маханбет (67 келі), Нұрбол Мұхаметқали ( 75 келі), Ақжол Әбдіхан (80 келі), Темірлан Мұқатаев (86 келі), Бекболат Әбдәкірім (92 келі), Аслан Елдібайұлы  (+92 келі) чемпион болды.

Шетелдік боксшылардан Субхан Мамедов (48 келі, Әзербайжан), Магсуд Хасметов (63,5 келі, Әзербайжан), Байрамдурды Нұрмұхаммедов (71 келі, Түрікменстан) жеңіске жетті.

Бір айта кетерлігі, түркіменстандық Байрамдурды Нұрмұхаммедов Париж Олимпиадасының алдындағы лицензиялық жарыста қазақстандық Асланбек Шымбергеновке лайықты қарсылық көрсеткен болатын.

Турнирдің ең үздік боксшысы атағы қарағандылық Талғат Сырымбетовке берілсе, «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы Бексұлтан Боранбекке табысталды.

Бұған дейін бұл турнирді көптеген атақты былғары қолғап шеберлері Серік Сәпиев, Геннадий Головкин, Василий Жиров, Данияр Елеусінов, Бақтияр Артаев, Жәнібек Әлімханұлы және Біржан Жақыпов жеңіп алған болатын. Биылдан бастап турнир чемпиондарына спорт шебері атағы берілді.