Мұхит Амантаев пен Әнуар «Мотиватор» жекпе-жекке 2 күн қалғанда рингке шықпайтын болды

Редактор
04.06.2025, 01:30

Көрермендердің билеті кері қайтарылады

Фото ашық дереккөзден

Қазақстандық бокс ардагерлері – «Мотиватор» лақап атымен танымал Әнуарбек Бекембетов пен Мұхит Амантаев 6 маусым күні жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда жекпе-жек белгісіз себептермен кейінге қалды.

Бұл туралы ақпарат турнирді ұйымдастырмақ болған AllStarsBoxing компаниясының Instagram-парақшасында жазылды.

«Достар, бірқатар себептерге байланысты AllStarsBoxing 4 турнирі қыркүйек айына ауыстырылғанын хабарлауға мәжбүрміз. Сатып алынған барлық билеттер жаңа күнге жарамды. Егер билеттерді өткізіп, ақшаларыңызды қайтарып алуға да мүмкіндік бар. Түсіністік пен қолдау білдіргендеріңізге рақмет», – делінген аталған хабарламада.

Айта кетейік, бұл жекпе-жек Алматы қаласында өтуі тиіс еді. Бұған дейін екі спортшы «Бірінші бол» подкастына қонаққа келген болатын. Әңгіме барысында бір-біріне жұдырық жұмсаған. 

Мотиватор — спортшы әрі блогер ретінде танылса, Мұхит Амантаев — бұрынғы кәсіпқой спортшы. Екеуі арасында соңғы айларда әлеуметтік желіде өткір пікір алмасулар жиілеген.