Бұл тест Нью-Делидегі халықаралық аккредитациясы бар зертханада жүргізілген
3 Wire Sports басылымы 2024 жылғы Олимпиадада бокстан алтын медаль жеңіп алған алжирлік Иман Хелифтің екі жыл бұрынғы гендерлік тест нәтижелерінен үзінді жариялады.
Match TV арнасының хабарлауынша, басылымның қолына Хелифтің 2023 жылы Үндістанда өткен әлем чемпионаты алдында тапсырған тест нәтижелері түскен. Бұл тест Нью-Делидегі халықаралық аккредитациясы бар зертханада жүргізілген.
«Нәтижелердің қысқаша сипаттамасы: қалыптан тыс. Хромосома талдауы ер адамның кариотипін көрсетеді», – делінген қорытындыда.
2023 жылы Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) Үндістандағы чемпионат кезінде Хелифті жарыстан шеттеткен, себебі ол қатысу талаптарына сәйкес болмаған. Сол жылы Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) сессиясы IBA-ны олимпиадалық қозғалыстан шығарып тастады. Алайда кейін ХОК Хелифке 2024 жылы Парижде өткен Олимпиадаға қатысуға рұқсат берді, онда ол 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Оның бұл жеңісі қоғамда кең резонанс тудырды.
Жұма күні World Boxing ұйымы жақын арада спортшыларға арналған жынысты анықтау тестілеуін міндетті түрде енгізетінін мәлімдеді. Сонымен қатар ұйым Алжир бокс федерациясына хат жолдады. Онда Иман Хелифке 2025 жылдың 5-10 маусымы аралығында өтетін Eindhoven Box Cup турниріне және World Boxing ұйымының басқа жарыстарына қатысуына тыйым салынатыны жазылған. Бұл шектеу ол World Boxing тестілеу ережелері мен рәсімдеріне сай жыныстық генетикалық сараптамадан өткенше күшінде болады.