Олимпиада ойындарында ол өзбектен жеңіліп қалған болатын
Аса ауыр салмақта өнер көрсететін аустралиялық боксшы Теремоана Теремоана екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Жалоловпен рингте кездескісі келетінін айтты.
Өткен аптаның соңында суперауыр салмақтағы Теремоана (8 жеңіс, 8 нокаут) мансабындағы кезекті жекпе-жегін бірінші раундта мерзімінен бұрын аяқтап, жеңісін тойлады. Бұл жолы ол америкалық Алим Уитфилдтің мысын басты.
Нью-Йорктегі әйгілі Madison Square Garden кешенінің шағын аренасында өткен Хитчинс – Камбосос шоуынан кейін Теремоана кәсіби мансабына қатысты ауқымды жоспарларын жариялады.
«Мен суперауыр салмақты бағындыру үшін келдім. Жеңіске апарар жолымды Fight Night ойыны секілді жасағым келеді – сатылы түрде өрлеп, бірінен соң бірін жеңіп отыру. Бірде-бір қарсыластан қашпаймын. Мен – жауынгермін, маған төбелескен ұнайды», – деді Теремоана.
Естеріңізде болса, Теремоана 2024 жылғы Олимпиада ойындарына қатысып, жүлдеге жете алмаған. Ол тартысты айқаста өзбекстандық Баходир Жалоловтан ұпай айырмасымен жеңілген болатын.
«Баходир – мықты боксшы, оны құрметтеймін. Ол Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы. Егер кәсіби рингте кездесетін болсақ, 12 раунд бойы қуып жүріп ұрамын», – деп қосты Теремоана.
Сөз соңында Теремоана бұл жекпе-жектің өтетініне сенім білдірді:
«Мен бұл кездесудің өтетініне сенемін. Егер оған жақсы ақша ұсынылса, жекпе-жекке шығуы әбден мүмкін. Бірақ ол менен қашатын сияқты», – деп түйіндеді австралиялық боксшы.