Элина Базарова – қазақстандық әйелдер боксының болашағы зор өкілдерінің бірі
Азия бокс конфедерациясы (ASBC) Шри-Ланка астанасы Коломбо қаласында өткен 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық боксшы Элина Базарованың жеңісіне арналған арнайы материал жариялады.
ASBC өз жазбасында Элинаның жарыстағы сенімді өнерін атап өтіп, оның финалдағы қарсыласын айқын басымдықпен жеңгенін ерекше атап көрсеткен. Бұл жеңіс Қазақстан құрамасы үшін маңызды нәтижелердің бірі саналады және жас спортшының болашағынан зор үміт күттіретінін дәлелдейді.
Элина Базарова – қазақстандық әйелдер боксының болашағы зор өкілдерінің бірі. Ол тек техникалық шеберлігімен ғана емес, сондай-ақ мінезімен, рингтегі батылдығымен де көзге түсті.
ASBC-нің бұл мақалада Элинаның жеңісіне назар аударуы – оның халықаралық аренадағы беделінің арта түскенін көрсетеді. Мақалада Элина Базарова жай ғана чемпион атанып қойған жоқ, сонымен қатар турнирдің ең үздік әйел боксшысы ретінде танылғаны ерекше атап өтілді.
Қазақстандық спортшы 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанып қана қоймай, 22 жасқа дейінгі жас санатындағы (U-22) ең үздік әйел боксшы атағына да ие болды.
Бұл — Элина үшін ғана емес, жалпы қазақстандық әйелдер боксы үшін үлкен жетістік. Мұндай марапаттар спортшының жоғары деңгейдегі техникасы мен мықты дайындық деңгейін көрсетеді, әрі оны құрлықтағы үздік жас боксшылардың біріне айналдырады. ASBC Элина Базарованың 2004 жылғы 25 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келгенін еске салды. Ол өзінің спорттық жолын 2019 жылы Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы чемпионатында жеңіспен бастап, сол жылы-ақ БАӘ-де өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды.
2022 жылы ол Сербияда өткен "Golden Gloves of Vojvodina" халықаралық турнирінде чемпион атанып, халықаралық аренада көзге түсе бастады.
Әлем чемпионатындағы тарихи жетістік. Сол жылдың соңында Элина Қазақстан боксы тарихында есімін қалдырды. Базарова Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында (IBA) финалға шыққан тұңғыш қазақстандық қыз атанды.
Бұрынғы Азия чемпионы Виктория Байдукованың орнына құрамаға қосылған Базарова барлық жекпе-жектерін сенімді өткізді. Финалда ол Германия өкілі Крисоваланта Куцохристуды жеңіп, Қазақстанға осы жарыстағы алғашқы алтын медальді сыйлады.
2024 жылдың наурызында Астанада өткен 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатында Элина финалда Үндістан спортшысы Притимен жолықты. Базарова жекпе-жекті жақсы бастап, бірінші раундта басым болды, алайда екінші раундта Прити қарқынын үдетіп, тартысты кездесуде жеңісті жұлып алды.
2025 жылғы маусымда Элина Польша мен Қазақстанда дайындық турнирлерінен өтіп, мамыр айында тағы да Азия аренасына оралды. Бұл жолы ол Коломбодағы Азия чемпионатының финалында болашағынан үміт күттіретін вьетнамдық Нго Тхи Май Чукты айқын басымдықпен жеңіп, алтын медаль еншіледі.
Осы жеңісінің, сондай-ақ бұған дейінгі тұрақты нәтижелерінің арқасында ASBC Элина Базарованы 22 жасқа дейінгі жас санатында Азияның үздік әйел боксшысы деп таныды.