Промоушн ұзақ уақытқа үзіліс алуы мүмкін
Боб Арумның Top Rank промоутерлік компаниясы ESPN арнасымен келісімшарт бойынша соңғы бокс кешін 26 шілдеде өткізеді. Бұл күні басты жекпе-жекте Ксандер Зайас пен Хорхе Гарсия өзара кім мықтыны анықтайды.
vRINGe.com мәліметінше, осы шоудан соң промоушн үзіліс алмақ, тиісінше тамыз айына ешқандай іс-шара жоспарланбаған. Арум мен оның командасы ESPN-дегі әріптестерімен келіссөз жүргізуді біраз кешіктірген, себебі ұсынылған шарттар Top Rank компаниясын қанағаттандырмай отыр. Ал ESPN-нен кеткеннен кейін Арумның бокс кештері қай платформада көрсетілетіні әзірге белгісіз. Яғни бұл үзіліс тамызбен ғана шектелмей, ұзаққа созылуы бек мүмкін.
Еске салсақ, Top Rank компаниясы IBF және WBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) мүддесін қорғайды. Бірақ былтыр Әлімханұлы салмақ қуу кезінде қиындықтарға тап болғаны үшін промоушн қазақстандық боксшымен келісімшартты бұзуы мүмкін деген сыбыс тарап еді. Алайда Жәнібектің өзі мұны жоққа шығарып отыр. «Қазақ стилі» WBC нұсқасы бойынша Карлос Адамеспен (24-1-1, 18 KO) кездескісі қалайтынын бірнеше рет айтты.
Айта кетейік, Жәнібек соңғы айқасын Астанада өткізіп, Анауэль Нгамиссенгені 5-раундта техникалық нокаутпен жеңді.