Олимпиадада Сәкен Бибосыновты финалсыз қалдырған боксшы оңбай ұтылды

Редактор
22.06.2025, 15:38

Ол мексикалық экс-чемпион Франсиско Родригеске есе жіберді

instagram/galalyafai

Англияның Бирмингем қаласындағы Resorts World Arena-да өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде аса жеңіл салмақта (50,8 кг дейін) WBC тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы, 2020 жылғы Олимпиада чемпионы Галал Яфай (9-1, 7 KO) оңбай ұтылды. Ол мексикалық экс-чемпион Франсиско Родригеске (40-6-1, 27 KO) ұпай санымен есе жіберді.

Жекпе-жек барысында Яфай Родригестің стиліне бейімделуге тырысып, ашық айқасқа көшіп еді, алайда бұл стратегиясы нәтижелі болмады. Физикалық төзімділік сыналған айқаста Галал қарсыласына тосқауыл бола алған жоқ.

Жекпе-жек ортасына қарай Родригестің біртіндеп басымдықты өз қолына алғанын көрдік.

7-раундта Яфай нокаун алып қалды, бірақ төреші бұл сәтті есепке алмады. Соған қарамастан британиялық чемпионның қарқыны бәсеңдеп, қорғанысы сыр берді, тиісінше көп соққы жіберіп алды. 12-раундта Родригес Яфайды есінен тандыра жаздады. Нокаун тіркелмегенімен, жекпе-жек мексикалықтың пайдасына шешілді. Қорытынды есеп: 119-108, 119-108, 118-109. Жеңіс төрешілердің ортақ шешімімен Франсиско Родригеске берілді (UD 12).

Естеріңізде болса, Галал Яфай Токио олимпиадасының жартылай финалында қазақстандық Сәкен Бибосыновпен кездесіп, төрешілердің басым дауысымен жеңіске жеткен еді. Бибосынов қола жүлдегер атанса, Яфай чемпиондық атаққа қол жеткізді.