«Бірқалыпты бокстасу қызықсыз, көпшілікке шоу керек». Төрехан Сабырхан өзін сынайтындарға жауап берді

Редактор
24.06.2025, 09:57

Төрехан Сабырхан: Әзірге басты мақсат – Әлем кубогында жетістікке жету.

ҰОК

Әлем кубогына қатыспаса да, 70 келідегі Абылайхан Жүсіповке спарринг қарсылас болып жүрген Төрехан Сабырхан алдағы жоспары, күмирі туралы айтты.

– Төрехан, өзің Әлем кубогына қатыспасаң да, Абылайхан Жүсіповтің даярлығына көмектесіп жатқаныңды естідік. Оқу-жаттығу жиындары қалай өтіп жатыр?

– Қызу дайындық жүріп жатыр. АҚШ, Канада, Аустралия боксшылары келді. Америкалық былғары қолғап шеберлері ертерек жетіпті. Қазір бәріміз жаттығып жатырмыз.
Абылайхан аға – өте тәжірибелі боксшы. Спарринг кезінде өз ақылын айтып, бар білгенімен бөлісіп жүр. Мен де 70 келідегі оның қарсыластарының бәрін білемін, сондықтан солардың стиліне салып жаттығып жүрміз. Абылайхан аға маған, мен ол кісіге көмектесіп жатырмыз.

– Жақында сенің қай өңірдің атынан өнер көрсететініңе қатысты жаңалық шықты. Осыны өзің түсіндіріп өтсең…

– Бұған дейін Атырау облысының атынан шығамын деп айтқанмын. Жоғары жақтан Атырау облысынан қатыса алмайтыным анықталды. Сондықтан алдағы ел біріншілігінде Шымкент қаласының атынан өнер көрсетемін. Бұйырса, Махмұд ағам екеуміз бір командада жаттығамыз.

– Таиландта Азия чемпионаты өтеді. Оған іріктеу қалай жүреді, яғни тек Әлем кубогының нәтижелері ескеріле ме?

– Әзірге басты мақсат – Әлем кубогында жетістікке жету. Одан кейін кімнің қандай жарысқа қатысатынын әзірге айтқан жоқ. Бірақ дайын жүрміз.

– 70 келіге ауыстың. Салмақ қууда қиындық жоқ па?

– World Boxing жұмысын бастайды дегенді естіген соң салмақ дәрежелерін қарай бастадық. Сол кезде 65 не 70 келіге түсіреміз деген ой болды. Қазір жаспын, салмағым өсіп жатыр, ересектер арасында ұзақ жүремін. Сондықтан бірден 70 келіні таңдадық, дегенмен бірер жылдан соң 75 келіге де ауысуым мүмкін.

– Жақында Таиландтағы жарысқа қатысып келдің. Қалай өтті, сол туралы айта кетсең…

– 70 келіде алғаш рет бақ сынадым. Жеке бапкерім Ілияс Оралбековпен бірге бардық, керемет дайындалдық. Бабыңда болсаң, қарсыластарыңды аса сезбейсің. Бірінші күнгі кореялық боксшы 71 келіде жұдырықтасып жүрген, ыңғайсыз қарсылас екен. Бірақ алғашқы жекпе-жек қашан да қиын соғады. Одан кейін филиппинді оңай жеңдім. Жартылай финалдағы қырғызстандық қарсыласым физикалық тұрғыда өте мықты. Данияр Елеусінов, Абылайхан Жүсіпов пен Махмұд ағаларымның стилінде алдап, жеңіске жеттім. Финалда 2024 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатында кездескен қарсыласыммен жолым түйісті. Өзбекстанның екінші нөмірлі боксшысы. Оның әдісін, әлсіз тұстарын білеміз, сондықтан бапкеріммен ақылдаса отырып мақсатымызға жеттік.

– Сенің шоу жасайтыныңа қатысты түрлі пікір бар. Бірі қолдаса, бірі «әлі ерте, тәжірибесі толыспаған» деп жатады. Осыған байланысты өзің не айтасың?

– Кумирім – Флойд Мейвезер. Ол шоумен боксшы екенін білесіздер. Соған еліктедім. Өз ағайым да сондай, неше түрлі әдістер қолданады, соның бәрін көрсетеді. Бірқалыпты бокстасып, шаршы алаңнан шығып кету халыққа қызықсыз. Ал көпшілікке шоу керек, бұл көрерменді тартудың тәсілі. Тек Қазақстан емес, өзге елден жанкүйерлер де қарайды деп ойладым.

Материалда: