Дау ушығып бара ма? «Канелоға» ауыр айып тағылды

Редактор
24.06.2025, 10:51

«Канело» 13 қыркүйекте Лас-Вегаста өтетін жекпе-жегіне дайындалып жатыр

Gene Blevins/ZUMAPRESS.com

Жартылай ауыр салмақта WBC чемпионы Давид Бенавидес (30-0, 24 КО) мексикалық Сауль «Канело» Альваресті (63-2-2, 39 КО) сынап, оны тыйым салынған препараттарды жүйелі түрде қолданды деп айыптады.

Бенавидестің айтуынша, Альварестің рингтегі үстемдігі көптен бері бокс қауымдастығы арасында күмән тудырып келеді.

«Егер ол өзіне 100 пайыз сенімді болса, менімен жекпе-жекке шығуына ештеңе кедергі болмас еді. Оның бүкіл командасы стероидпен жүреді. Бәрі! Соның ішінде өзі де.

Ол ешқашан стероидтан бас тартқан емес. Әрине, қазір де сол препараттарда отыр! Әйтпесе оның командасындағы бес адамнан тыйым салынған заттар табылғанын қалай түсіндіруге болады? Бүкіл команда сол нәрсеге отырып алған», – деді Бенавидес Clocked N’Loaded YouTube-арнасына берген сұхбатында.

Айта кетейік, «Канело» 13 қыркүйекте Лас-Вегаста өтетін жекпе-жегіне дайындалып жатыр – ол екі салмақ дәрежесінде бұрынғы абсолютті чемпион Теренс Кроуфордпен (41-0, 31 КО) кездеседі. Бұл жекпе-жек қазірдің өзінде мегажекпе-жек деп аталып отыр, алайда Бенавидестің айыптаулары шаршы алаңнан тыс шиеленісті арттыра түсуі мүмкін.