Сенсация! Өзбек боксшысы екі дүркін әлем чемпионын жеңді

03.07.2025, 18:18

Ол бұған дейін қазақ боксшысын да жарыс жолынан шығарған болатын

olympic.uz

Астанада бокстан Әлем кубогінің үшінші кезеңі өтіп жатыр. Боксшылар бүгін жартылай финалға жолдаманы сарапқа салып жатыр.

Ширек финалдың басты сенсациясы қыздар боксында тіркелді. 54 келідегі өзбекстандық Феруза Казакова екі дүркін әлем чемпионы тайпейлік Хуан Сяо-Вэньді жеңіп, жартылай финалға шықты. 

Тартысқа толы жекпе-жек 3:2 есебімен аяқталды. Төрешілердің басым бөлігі өзбек қызы жеңді деп санаған. Енді ол финалдың жолдамасын сарапқа салады. Ал, тайпейлік даңқты боксшы үйіне құр қол қайтады.

Айта кетейік, Феруза Казакова іріктеу кезеңінде қазақ боксшысы Әнел Сақышты да жарыс жолынан шығарған еді.

Осылайша Өзбекстан құрамасыныңқоржынында кем дегенде қола жүлде бар. Жартылай финалдық бәсекелер 5 шілдеде басталады.