Әлем кубогы: бір боксшымыз жеңіліп, үшеуі жартылай финалға өтті

Редактор
03.07.2025, 15:59

Нұрбек Оралбай жекпе-жексіз жартылай финалға шықты

ҰОК

Астанада өтіп жатқан Әлем кубогында құрамамыз тағы бір боксшысынан айырылды. 60 келідегі Серік Теміржанов әлем кубогының ширек финалында сүрінді. Жерлесіміз ширек финалда жапониялық Шунсук Китамотомен кездескен еді. Тартысты өткен айқаста жапониялық боксшы жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды.

Дегенмен тағы үш боксшымыз жартылай финалға жолдама алды. Бойжеткендер арасында Наталья Богданова екінші жекпе-жегін де жеңіспен аяқтады. Қазақстандық боксшы (70 келі) Әлем кубогының ширек финалында бразилиялық Барбара Мария Дос Сантосты тізе бүктірді. Тіпті Наталья үшінші раундта қарсыласын бір есеңгіретіп те алды.

Ал Нұрбек Оралбай мен Айдана Забынбекова жекпе-жексіз жартылай финалға шықты. Қос боксшымыздың да ширек финалдағы қарсыластары айқасқа шығудан бас тартты. Нұрбек үндістандық, ал Айдана америкалық боксшымен жұдырықтасуы керек еді.