Жәнібек Әлімханұлы Карлос Адамеспен келісімшартқа қатысты жаңа мәлімдеме жасады

Редактор
04.07.2025, 11:46

Қарсыласы жекпе-жектен «жасырынып» жүргенін жеткізді.

Фото: Yong Teck Lim/Getty Images

WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) әлеуметтік желілерде жаңа жазба жариялап, алдағы жоспарымен бөлісті.

«Мен саған орта салмақтың королі екенімді айттым ғой» – деп жазды Әлімханұлы.

Бұған дейін Жәнібек WBC тұжырымы бойынша чемпион, доминикандық Карлос Адамеспен (24-1-1, 18 КО) жекпе-жек өткізу үшін келісімшартқа қол қойғанын мәлімдеген болатын. Алайда кейіннен ол қарсыласын айыптап, Адаместің келісімшартқа қол қоюдан бас тартып, жекпе-жектен «жасырынып» жүргенін жеткізді.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы соңғы рет 2025 жылдың 5 сәуірінде Астанада шаршы алаңға шыққан еді. Ол кезде қазақстандық чемпион франциялық боксшы Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 КО) бесінші раундта нокаутпен жеңіп, WBO және IBF белбеулерін сәтті қорғаған.

Жәнібек үшін Карлос Адамеспен жекпе-жек орта салмақтағы абсолютті чемпион атағына бір қадам жақындатуы мүмкін. Осылайша, ол орта салмақтағы барлық белбеуді біріктіруді көздеп отыр.

Егер тараптар келісімге келсе, бұл жекпе-жек қазіргі бокстағы ең қызықты және маңызы зор кездесулердің біріне айналары сөзсіз.