Үшеуі де жеңіске жетті
Астанада өтіп жатқан бокстан әлем кубогының кезекті жарыс күні Қазақстан әйелдер құрамасы үшін табысты өтті. Құраманың үш боксшысы – Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева және Елдана Тәліпова – өз салмақ дәрежелерінде жартылай финал мен финалға жолдама алып, ел қоржынына жүлде салды.
Балқыбекова – жартылай финалда
51 келі салмақта өнер көрсеткен Алуа Балқыбекова жапониялық Юна Нишинаканы айқын басымдықпен – 5:0 есебімен жеңіп, кемінде қола жүлдеге ие болды. Енді ол жартылай финалда бразилиялық Каролина Барбоса Алмейдамен кездеседі.
Әбікеева нокдаунмен көзге түсті
65 келі салмақта ел намысын қорғаған Аида Әбікеева алғашқы раундта-ақ қарсыласы, оңтүстіккореялық Кан Сукенді нокдаунға жіберіп, жекпе-жекті сенімді өткізді. Әр раундта шапшаң әрі дәл соққыларымен ерекшеленген боксшы жартылай финалға жолдама алып, Қазақстан құрамасының медаль санын толықтырды.
Тәліпова – финалда
Ал 80 келіден жоғары салмақта Елдана Тәліпова өзбекстандық Олтиной Сотимбоевадан басым түсіп, Қазақстан құрамасынан алғаш болып финалға өтті. Айта кетейік, бұл қос спортшы 2024 жылғы Азия чемпионаты мен 2025 жылғы әлем чемпионатында да кездескен. Екі жекпе-жекте де жеңіс Елданаға бұйырған болатын.