Артур Бетербиев үшінші кездесудің нақты қашан өтетініне алаңдаушылық білдірді
Бұрынғы абсолютті әлем чемпионы Артур Бетербиев жартылай ауыр салмақта WBA Super, IBO, IBF, The Ring және WBO белбеулерінің иегері Дмитрий Биволға үшінші жекпе-жекке қатысты үндеу жолдады.
«Үшінші жекпе-жек туралы жүздеген сұрақ келіп түскен соң, бар жағдайды өзім түсіндіргім келді. Өздеріңіз білесіздер, абсолютті чемпион атағы үшін алғашқы кездесу өткен жылдың қазан айында өтті. Бұл жекпе-жек біздің тараптан белбеулерді біріктіру мақсатында бес жыл бойы жасаған талпыныстарымыздың нәтижесінде ғана жүзеге асты. Алғашқы жекпе-жектен кейін-ақ келесі күні реванш өткізуге келісім бердік. Ол небәрі төрт айдың ішінде өтуі тиіс еді. Бірақ мен сол кезде әлі де операциядан толық айығып үлгермегенмін. Сондықтан бапкерім де, дәрігерім де осындай қысқа мерзімде рингке қайта шығуыма үзілді-кесілді қарсы болды», – дейді Бетербиев.
Боксшы үшінші кездесудің нақты қашан өтетініне алаңдаушылық білдірді.
«Екінші кездесуден кейін мен үшінші жекпе-жекті мүмкіндігінше тез өткізуге дайын екенімді бірден білдірдім. Алдымен тамызда өтеді деген сөз шықты. Бірақ қарсыласым сұхбаттарында оны күздің соңына, кейін жыл соңына қалдырғысы келетінін айтты. Енді мүлде қашан өтетіні белгісіз күйде қалды. Дима, біз үшінші рет қолғап түйістіруіміз үшін менің неше жасқа келгенімді күтесің?», – деп түйіндеді Артур Бетербиев.
Айта кетейік, кәсіпқой бокстан жартылай ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы (79,4 кг) ресейлік Дмитрий Бивол отандасы Артур Бетербиевпен өтуі мүмкін үшінші айқасы туралы пікір білдірген еді.