Бокстан биылғы әлем чемпионаты қыркүйекте Англияның Ливерпуль қаласында өтеді
Астанада World Boxing аясындағы Әлем кубогінің кезеңі аяқталды. Жарыстан кейін ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов командасының нәтижесін қорытындылады.
– Нәтиже жақсы деп ойлаймын. Бес деген баға қоюуға болады. Бес алтын, бір күміс, екі қолаға ие болдық. Тағы бір-екі алтын түскенде, +5 деп бағалар едім. Турнир оңай болмады. Қарсыластардың деңгейі жоғары. Қолдау танытқан жанкүйерлерге алғысымыз шексіз.
– 70 келіде әлем біріншілігіне кім барады?
– Әлем кубогының қорытындысына сәйкес, енді 70 келіде Төрехан Сабырханға сенім артамыз.
– Әлем чемпионатына баратын құрам белгілі ме?
– Астанадағы Әлем кубогінің кезеңінде чемпион болған боксшыларды Ливерпульге барады деп айта аламын. Өкінішке қарай, кей салмақтарда мәселелер бар. 60 және 65 келіде спаррингтер өткізіп, шешім шығарамыз.
Айта кетейік, бокстан биылғы әлем чемпионаты қыркүйекте Англияның Ливерпуль қаласында өтеді.
Төрехан Сабырхан бокстан жастар арасында әлем чемпионы және Азия чемпионатын төрт рет жеңіп алған. Ересектер қатарына биыл қосылды.