Оған қоса Усик өзінің бокста тағы екі жекпе-жек өткізетінін растады
Ауыр салмақта өнер көрсететін Александр Усик (23-0, 14 KO) келесі аптада қайтадан рингке оралады.
Ол Дэниел Дюбуаға қарсы өтетін қарымта жекпе-жекте абсолютті әлем чемпионы атағын сарапқа салады.
Кеше Усик әйгілі боксшы Карл Фрочтың подкастына қонаққа қатысып, мансабындағы ең қиын қарсыластарын атады:
1-орын — Тайсон Фьюри,
2-орын — Энтони Джошуа,
3-орын — Дэниел Дюбуа.
Сұхбат барысында Фроч Усиктен қазіргі таңда әлемдегі ең мықты боксшы деп кімді санайтынын сұрады. Александр:
«Әлемдегі ең мықты боксшы — Теренс Кроуфорд. Жоқ, мен өзімді ең үздік боксшымын деп есептемеймін. Бұл атақ Кроуфордтқа тиесілі», - деп жауап берді.
Сондай-ақ Усик өзінің бокста тағы екі жекпе-жек өткізетінін растады:
«Алдымен Дюбуамен… Ал одан кейін кіммен жұдырықтасатынымды әзірге білмеймін…».
Александр Уэмбли стадионында қайта өнер көрсететініне ерекше қуанышты екенін жасырмады. Ол бұл аренаны алғаш рет Энтони Джошуамен өткен жекпе-жекте көргенін еске алып, бұл жерде жұдырықтасуды армандағанын айтты.
Сонымен қатар, ол британиялық жанкүйерлердің қолдауы мен махаббатын жоғары бағалайтынын жеткізді. Сөз арасында Усик ерекше есінде қалған бір оқиғаны айтып берді:
«Сірә, бұл сенбі күні болса керек… Командаммен жол жиегінде тұрып бір нәрсені талқылап жатқанбыз. Сол сәтте бір көлік өтіп бара жатып тоқтады. Ішінен жүргізуші атып шығып, менімен суретке түсуге өтініш білдірлі. Суретке түстік те, ол бірден бастығына телефон шалып: «Досым, мен бүгін жұмысқа келмеймін. Жаңа ғана Усикпен фотоға түстім!» - деді. Ана жақтан: «О, Құдай-ай! Маған да жібер фотоны, ұмытпа!» деген жауап келді».