Отандасымыз доминикандық спортшыны жалған чемпион деп атады
Орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) WBC белбеуінің иесі, доминикандық атақты боксшы Карлос Адаместі (24-1-1, 18 KO) сынға алды.
Жыланды ауылының тумасы қарсыласының әлеуметтік желідегі жазбасына қатысты пікір білдіріп, оны жалған чемпион деп атады.
«Ол бұл белбеуді тек фотосессия үшін тағып жүр. Шын чемпион басқа мықтылармен айқасуы керек емес пе? Ал ол тәуекелге бармайды. Өйткені белбеуден айырылған сәтте, онымен ешкім суретке түспей қояды. Міне, ол осыдан қорқады», - деді Жәнібек.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық боксшы Адамеспен жекпе-жекке шығуға дайын екенін мәлімдеп, IBF және WBO чемпиондық белбеулерін бәске тігетінін айтқан. Тіпті ол доминикандық боксшыға жекпе-жекке арналған келісімшартты жолдағанымен, әзірге одан жауап болмады.