Сот процесінде GGG-дің 10 миллион теңгелік қолғаптары сөз болды
Астанада Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Іс материалдарында қайырымдылық аукционы қаралды.
Сотта сол аукционда жәбірленуші, «MM Group Development» ЖШС-нің директоры Мөлдір Сүйіншәлінің Геннадий Головкиннің бокс қолғаптарын 10 миллион теңгеге сатып алғаны, алайда бұл қаражатты кейін Қайраттың өзі алғаны айтылды. Алайда қорғау тарапы лоттың құнына күмән келтірді.
Перизат Қайраттың адвокаттары қолғаптың нақты құнына күмән келтіріп, жәбірленушіден сұрақ-жауап кезінде бұл төлемнің мән-мағынасын нақтылауға тырысты.
«Сіз Головкиннің қолғаптарын 10 миллион теңгеге сатып алдыңыз ба? Сол үшін бірдеңе алдыңыз ба?» – деп сұрады қорғаушылар.
Мөлдір Сүйіншәлі бұл соманы қолғапты сатып алу үшін емес, қайырымдылық жобасын қолдау мақсатында бергенін айтты:
«Мен бұл ақшаны науқас балаларға арналған орталық құрылысына көмек ретінде бердім. Қолғап үшін емес», – деп нақтылады ол.
Жәбірленуші аукционның қайырымдылық сипаты болғанын және ақшаның оңалту орталығын салуға жұмсалуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
«Қаражатты ресми түрде аудардық. Алайда уақыт өте келе орталық салынды ма, ақша өз мақсатына жетті ме деген секілді сұрақтар туындай бастады. Жобаның тағдыры жайлы ешқандай ақпарат ала алмадым. Тергеуге дейінгі кезеңде 10 миллион теңгені қайтару туралы азаматтық талап арыз бердім. Егер бұл қаражат орталық салуға жұмсалған болса, шағым бермеуші едім. Бірақ егер ол қаражат қорға жетпесе, онда қаражатты қайтаруды әділетті деп есептеймін», – деді ол сотта.
Айыптау актісіне сәйкес, Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаева 2021 жылдың қарашасында Sheraton қонақүйінде қайырымдылық аукционын ұйымдастырған. Іс-шара барысында 21,6 миллион теңге жиналған, оның ішінде 10 миллионы – «MM Group Development» ЖШС-нен. Прокуратура бұл қаражат нақты мақсатқа емес, жеке қажеттерге, атап айтқанда, Дубайдағы люкс қонақүйлерде тұруға, брендтік киімдер сатып алуға және басқа да сән-салтанатқа жұмсалған деп мәлімдейді.