«Данияр келсе есігіміз ашық»: Мырзағали Айтжанов Елеусіновке қатысы пікір білдірді

Редактор
18.01.2024, 12:54

Оның салмағында лицензиялық турнирге Асланбек Шымбергенов барады

instagram.com/yeleussinovdaniyar/

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Данияр Елеусіновтің әуесқой боксқа оралуына қатысты пікір білдірді. «Олимпиада чемпионына әрдайым есік ашық» дейді білікті маман.

Жаттығу кезінде ойымен бөліскен бапкер Елеусіновтің кезінде құрамаға сіңірген еңбегіне тоқталып, оның қалыптасуы туралы айтқан. Дегенмен, оған нақты ұсыныс әзірге болмаған көрінеді. 

«Данияр Елеусінов осы құрамадан шыққан боксшы ғой. Жас боксшы болып құрамаға қосылды. Қоластымызда тәрбиеленді. Әкесі де ұлттық құраманың бапкері болды. Былайша айтқанда Олимпиада шыңын бағындыру тек қана бір боксшының не бір бапкердің ғана емес, бүкіл Ұлттық құраманың жұмысы деп ойлаймын. Сол сияқты қазіргі құрамадағы балаларға сондай жағдай жасалып жатыр. Министрліктен, федерациядан, спорт комитеті жұмыла көтеріп жұмыс істеуде. Осы Олимпиадада боксшыларымыз үмітті ақтап, елімізді қуантады деген ойламыз. Ал, енді Даниярдың құрамаға келіп-келмеу мәселесін өзі шешеді. Оған біздің есіміз әрдайым ашық. Қай боксшы болсын, келемін, қайтадан өз бағымды сынап, елге көмектесемін десе біз бетінен қақпаймыз», - деді Мырзғали Айтжанов.

Бұған дейін Данияр Елеусінов бокстан Ұлттық құрамаға қайта оралып, Париж олимпиасының іріктеу турниріне қатысады деген әңгіме шыққан еді. Алайда, боксшының өзі бұл сыбысты жоққа шығарды. 

«Менің Олимпиадаға қатысуыма қатысты ұсыныстан бірден бас тартқанымды айтқым келеді. Себебі, бұған дейін оған жылдар бойы дайындалып келген жігіттер бар. Мен өзімді жақсы білемін. Әрі көптен бері кәсіпқой бокстамын», - деді Елеусінов.

Ал бокстан 71 келіде Италияда өтетін іріктеу турниріне Асланбек Шымбергенов бақ сынайды. Ол былтыр Ташкентте өткен әлем чемпионатында топ жарып, күзде Қытайда аяқталған Азия Ойындарында қола медальға ие болды.

Әзірге бокстан Қазақстан ерлер құрамасының еншісінде жалғыз ғана жолдама бар. Ол аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевқа тиесілі.