Маған қазақтың күш-қайратын көрсетуге рұқсат бер
Бірінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (24-1, 17 КО) Сауд Арабиясының ойын-сауық істері жөніндегі бас басқармасының төрағасы Түрки әл-әш-Шейхке үндеу жасады.
Боксшы өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында:
«Маған қазақтың күш-қайратын көрсетуге рұқсат бер», – деп жазып, аталған шенеунікті белгілеген.
Сонымен қатар жазбасында соңғы жылдары бірге жұмыс істеп жүрген америкалық жұлдызды боксшы Теренс Кроуфорд пен оның бапкері Брайан Макинтайрды да белгілеген.
Айта кетейік, Түрки әл-әш-Шейх – Сауд Арабиясында әлемнің түкпір-түкпірінен боксшылар қатысатын ауқымды бокс кештерін ұйымдастыруымен танылған тұлға.
Еске салсақ, Батыр Жүкембаев соңғы жекпе-жегін 5 сәуір күні Астанада өткізіп, 10 раундтық кездесуде британиялық Кейн Гарднерді (17-5, 7 КО) төрешілердің ортақ шешімімен жеңген.
Қазақстандық боксшы кәсіби мансабында бір рет қана жеңілген - 2021 жылдың 29 мамырында пуэрто-риколық Сабриэль Матиастан (23-2, 22 КО) ұтылып еді.